Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда тұрғын үй құрылысы қашан аяқталады?
Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда тұрғын үй құрылысы және жөндеу жұмыстары күзде толық аяқталады. Бұл жайлы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Атырау облысында құрылыс, жөндеу жұмыстарын аяқтау және тұрғын үйлерді сатып алу мерзімі 2024 жылғы қыркүйекте аяқталады. Ал Ақмола облысында бұл жұмыстарды қазан айында аяқтау жоспарланған.
БҚО-да құрылыс және жөндеу жұмыстары ертерек аяқталады. Министрлік жоспарына сәйкес құрылыс және жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі – 31 шілдеге белгіленген. Ал тұрғын үйлерді сатып алу бойынша жұмыстар 2024 жылдың 15 тамыз күні аяқталмақ.
Құрылыс-жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтау үшін әрбір объектідегі құрылыс жұмыстары Битрикс жүйесі арқылы қадағаланады.
Бүгінгі күні жергілікті әкімдіктер жүргізген техникалық қадағалау нәтижесінде комиссия 1 898 тұрғын үй объектілерін жаңадан салу туралы шешім шығарған. Ал 4 059 тұрғын үй объектілері сатып алынса, 8 415 нысан жөндеуден өтеді. Жалпы, 21 785 тұрғын үй су тасқынынан зардап шеккен. Оның ішінде 9 843 саяжай жалғыз тұрғын үй деп танылған.
«Елімізде су тасқынынан зардан шеккен азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында, өңірлерде тұрғын үйлерді салуды, жөндеу жұмыстарын және сатып алуды аяқтау бойынша жұмыстар жалғасуда»,– делінген баспасөз хабарламасында.
Еске сала кетсек, Қазақстан Үкіметі төтенше жағдай салдарынан баспанасыз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидаларына өзгеріс енгізді. Оған сәйкес, төтенше жағдайға байланысты үйсіз қалған азаматтар мемлекет берген үйден бас тартып, өзі құрылыс жүргізе алады.
Зардап шеккен отбасыларға үй үш түрлі нұсқада беріледі. Бірінші жағдайда мемлекет дайын үй береді немесе үй салып береді. Екінші жағдайда азаматтар мемлекет бекіткен үлгі негізінде өздері үй салып алады. Үшінші нұсқа, белгіленген елдімекеннен өздері үй таңдап сатып алады.