Әділет министрлігі екі саяси партияны тіркеуден бас тартты

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Әділет министрлігі «Yntymaq» партиясының өтінішін қабылдады / Фото: Әділет министрлігі

Әділет министрлігі екі саяси партияны тіркеуден бас тартты. Бұл туралы ведомствоның вице-министрі Ботагөз Жақселекова айтты.

Вице-министр бүгінде елімізде жеті саяси партия тіркелгенін атап өтті. Атап айтқанда, «Amanat», «Ақ жол», «Қазақстан Халық партиясы», «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия», «Respublica» партиясы қоғамдық бірлестігі, «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» тіркелген. Енді бұл қатарға тағы бір партия қосылады.

«Бүгінгі таңда Әділет министрлігінде қандай да бір саяси партиялардың өтініштері қаралып жатқан жоқ. Бірақ жыл басында министрлікке саяси партиялар құру туралы үш өтініш келіп түсті. Олардың барлығы тиісті түрде қаралды. Келіп түскендердің ішінде тек біреуі ғана қолдау тапты. Ол – «Ынтымақ» партиясы. Ал қалған екі партияны тіркеуге рұқсат етілмеді. Олардың құжаттары дұрыс болмағандықтан, осындай шешім шығарылды. «Алға Қазақстан» және «Халық дербестігі» партиялары бойынша тізімінің сәйкес келмеуі себебінен бас тартылды», деді вице-министр.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы 19 наурызда елімізде Мәжіліс сайлауы өтті. Бұл күні 7 партия өкілдері мен өзін-өзі ұсынғандар сайлауға түсті. Соның ішінде 6 партия Мәжіліске өтті.

VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясында сөз сөйлеген мемлекет басшысы Парламенттің басты ерекшелігі – көппартиялы болуында деген еді.

«Енді партиялар еліміздің болашағына зор ықпал ететін саяси үдерістің басы-қасында жүретін болады. Мәжіліске бір мандатты округтен де депутаттар сайланды. Яғни, Парламентке түрлі әлеуметтік топтан шыққан өкілдердің келуіне жол ашылды. Сондай-ақ, ұзақ жылдан бері алғаш рет өзін-өзі ұсынған үміткерлер депутат атанды. Бірқатар азамат партия атынан шыққан үміткерлерді тартысты бәсекеде жеңіп шықты. Осылайша, елімізде демократия дәстүрі жаңа деңгейге көтеріліп, нығая түсті. Саяси күштердің бәріне бірдей мүмкіндік берілетініне азаматтардың сенімі артты», деді Тоқаев.

Сондай-ақ оқыңыз