Әділет министрлігі Стати ісіне Қазақстан тарапы қанша қаржы жұмсағанын тағы айтпады
Әділет вице-министрі ұзақ уақытқа созылған Стати ісіне қанша бюджет қаражаты жұмсалғанын нақты айта алмады. Ботагөз Жақселекова қаржы мәселесі коммерциялық құпияға жататынын мәлімдеді.
Вице-министрден БАҚ өкілдері Стати ісіне жұмсалған қаржы көлемін ведомство не себепті құпия ұстайтынын сұрады.
«Бұл халықаралық арбитраждық іс бойынша рәсімдер әлі аяқталған жоқ. Коммерциялық құпияны құрайтын кейбір нәрселер бар. Осы істі қарау сатысында жария етуге жатпайтын кейбір жайттар бар. Сондықтан менің әріптестерім ұсынуға болатын ақпаратты береді», – деді Әділет вице-министрі Сенат кулуарында.
Еске салсақ, осыған дейін «Ақ жол» фракциясының депутаттары Стати дауына Қазақстан қанша қаржы жұмсағанын, кімді байытып жатқанын ашық жариялауды сұрап депутаттық сауал жолдаған еді. Азат Перуашев осы дауда Қазақстанның мүддесін қорғаған, Марат Бекетаев пен Бауыржан Байбекке қатысы бар «Bolashak Consulting group» компаниясының қызметіне күмән келтірді.
«Стокгольм арбитраждық сотының Қазақстанның Статиге 544 миллион доллар төлеуі туралы шешімі жойылған жоқ. Осы орайда, кейбір БАҚ мәліметінше, Қазақстан бұл сот дауларына Стати талап етіп отырған қаржыдан екі есе көп шығын шығарған. Сондай-ақ осы дауларда Қазақстанның мүддесін қорғаған «Bolashak Consulting group» заң компаниясының тиімділігі ғана емес, қаржылық тазалығы да күмән тудырып жатыр», – деді Перуашев.
Депутат бұл компания қызметі бюджетке жылына 60 млн долларға түсіп отырғанын айтады.
Сондай-ақ Әділет министрі Азамат Есқараевта Стати ісіне Қазақстан тарапы жыл сайын қанша жұмсайтынын нақты айта алмаған еді.
«Нақты санды айта алмаймын. Жыл сайын бюджет жазылады. Ол — Парламент қабылдайтын заң. Заңды түрде қабылданатын ақша. (…) Біз бұл мәселені нақты мерзімде шешуге дайынбыз. Оны жұмыс тобы шеңберінде қарастырамыз», – деді министр.
«Стати ісінің» мәні
Қазақстан билігін өздерінің меншігіне рейдерлік жасады деп айыптаған молдовалық әкелі-балалы олигархтар Анатол Стати мен Габриэль Стати 2010 жылы сот арқылы 4 млрд доллар талап етті. 2013 жылдың желтоқсанында халықаралық арбитраждық сот Молдова азаматы Анатол Стати бастаған шағымданушылар тобының пайдасына шешім шығарып, Қазақстанды 506 млн доллар өтемақы төлеуге міндеттеді.
Осының ізінше Қазақстан Ұлыбританияның жоғарғы сотына қарсы шағым түсірді. 2017 жылдың 6 маусымында палата алдыңғы шешімді заңсыз деп танып, молдовалық олигархтарды Қазақстанға жығып берді. Алайда Швеция мен Голландия соты Ұлыбритания жоғарғы сотының үкімі олардың шешіміне өзгеріс енгізе алмайтынын алға тартты. Осылайша Қазақстан молдовалық олигархтарға қарыз болып қалды.
Айта кетейік, молдовалық AscomGroup S.A. компаниясының басшысы Анатол Стати 2005 жылы Маңғыстау облысындағы Боранкөл газ өңдеу зауытының құрылысына 156,2 млн доллар қаржы құйды. 2009 жылы Қазақстанның қаржы полициясы Ascom Group компаниясына қарасты «ҚазПолМұнай» және «Толқынмұнайгаз» компанияларын тексерді. Сөйтіп шетелдік компанияға мұнай құбырларын лицензиясыз пайдаланып, 21 млрд 675 млн теңге заңсыз табыс тапты деп кінә тақты. Бұған қоса Анатол Статиді газ өңдеу зауытының құрылысына пайдаланылған құрал-жабдықтың құнын 100 млн доллар деп асыра бағалады, көрсетілмеген қызмет түрлеріне 44 млн доллар, орнатылмаған қондырғыларға 72 млн доллар аударды деп айыптады.
2017 жылдың соңғы күндерінің бірінде Анатол Стати мен оның компанияларының Қазақстан үкіметінің үстінен түсірген арызын негізге алған АҚШ-тың Bank of New York Mellon холдингтік компаниясы Ұлттық қорымыздың 22 млрд долларын бұғаттап тастады.
2018 жылғы 23 қаңтарда Амстердам қаласының аймақтық соты Bank of New York Mellon қаржылық ұйымының кастодиалдық сақтауындағы ҚР Ұлттық қорының активтеріне қойылған шектеуді жою жайлы ҚР Ұлттық банкінің өтінішхатына қатысты оң шешім шығарды.
Голландиялық сот 22 млрд АҚШ доллары көлеміндегі Ұлттық қордың активтеріне шектеу қою туралы шешімнің күшін жойды.