Қазақ тіліне қатысты дауға қалған ForteBank-тің кірісі артты

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
ForteBank-тің
Фото: kursiv.media

Қазақ тіліне қатысты дауға қалған ForteBank-тің биыл І тоқсандағы кірісі 34,6 млрд теңгені құраған. Қаржы ұйымы аралық шоғырландырылған қаржы есебін жариялады.

І тоқсандағы көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, шамамен 6,6 млрд теңгеге артық. Былтыр 3 айда банк 28 млрд теңге тапқан еді.

Қазіргі кезде банктің жиынтық активі 3,58 трлн теңгеге тең. 2023 жылдың І тоқсанында бұл көрсеткіш 3,25 трлн теңге болған. Былтырғы жылмен салыстырғанда жиынтық міндеттемесінің де көлемі артқан. 2023 жылдың қаңтар-наурыз айларында банктің жиынтық міндеттемелері 2,8 трлн теңгені құраса, биыл І тоқсанда 3,1 трлн теңгеге жеткен. Меншікті капитал да 12%-ға артып 479 млрд теңгені құрап отыр.

Бүгінде ForteBank-тің ForteLeasing, «ОУСА Альянс», «ОУСА-F», ONE Technologies және ForteFinance деген еншілес ұйымы бар.

Былтыр банк таза пайдасын 19 %-ға өсіріп, 116 млн теңге тапқан. Қаржы ұйымы осы пайдасынан акционерлеріне 58,2 млрд теңге дивиденд төледі.

Жақында банк қазақ тіліне қатысты дауға қалды. ІТ маманын іздеген қаржы ұйымының хабарламасында «үміткердің қазақ тілін білуі қажет емес» деп жазылған Бұл хабарлама қазақтілді ортада қатты талқыланып, банк қателік робот-рекрутерден кетті деп кешірім сұрады.

ForteBank Қазақстандағы ең ірі бес банктің қатарына кіреді. Оның акционерлері – кәсіпкер Болат Өтемұратов (81,82%) және оның ұлы Алидар (7,5%). Қалған акциялар (10,68%) басқа акционерлерге тиесілі, үлесі әрқайсысы үшін 5%-дан аспайды.

Өткен жылдың сәуір айында Алдиар Өтемұратов әкесінен несие мекемесінің 2,5 пайыз акциясын иеленген. Бұған дейін ол 2022 жылдың соңында банктің 5 пайыздық акциясын сатып алған. Мәміле шарттарына сәйкес, Әлидар Өтемұратов жеті жыл ішінде банктегі үлесін 10 пайызға дейін арттыруға құқылы. Ол акцияларды тараптар арасында жасалған акцияларды сатып алу-сату шартының негізінде нарықтық шарттармен әкесінен сатып алған. Содан кейін банк басшылығының өкілдері Forte цифрландыруды күшейту туралы ойланып жатқанын, Әлидардың IT компанияларын құру және басқаруда табысты тәжірибесі бар екенін айтты.

Сәуір айының басында ForteBank S&P Global Ratings халықаралық рейтингтік агенттігінің рейтингтік процесіне қатысуын тоқтату туралы шешім қабылдады. Енді ForteBank рейтиңгтерін Moody’s және Fitch ғана құрастырады.

Сондай-ақ оқыңыз