Ресей мен Қытай әскери саладағы ынтымақтастықты арттыруға келісті

Жарияланды (жаңартылды )
Ресей Мен Қытай
Ресей мен Қытай бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізеді / Фото: kursiv.media

Ресей мен Қытай әскери саладағы ынтымақтастықты нығайтуға келісті. Бұл жайлы Владимир Путиннің Қытайға сапары барысында айтылған.

Кремльдің хабарлауынша, Ресей президенті Владимир Путин мен Қытай басшысы Си Цзиньпин бірлескен оқу-жаттығулар мен жауынгерлік дайындықтың «көлемін кеңейту» туралы келісімге келген.

Кремль хабарламасында Ресей-Қытай қорғаныс ынтымақтастығы жоғары деңгейдегі өзара стратегиялық сенімге негізделгені мемлекеттердің аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті тиімді нығайтуға бел буғаны айтылған.

Сонымен бірге онда Мәскеу мен Бейжіңнің екіжақты негізде және көпжақты форматтарда үйлестіру мен ынтымақтастықты, қауіп-қатерлерге бірлесіп әрекет етудің әлеуеті мен деңгейін үнемі арттырып отыруға келіскені хабарланған.

«Жаңа ғана жүргізілген келіссөздер Мәскеудің де, Бейжіңнің де екі жақты серіктестік пен стратегиялық өзара іс-қимылды дамыту мен нығайтуға үлкен мән беретінін көрсетеді. Бұл әріптестік көршілес мемлекеттер арасындағы байланыстарды қалай құру керектігіне үлгі болатыны сөзсіз»,– деп мәлімдеген Путин.

Ал Қытай басшысы әлемде «қырғи-қабақ соғыс» менталитеті әлі де бар екенін, шындық пен әділдік үшін өзекті мәселелерді саяси жолмен бірге шешуге ұмтылатынын жеткізген. Ол Украина мен Палестинадағы соғысты тілге тиек еткен.

«Біржақты гегемония, блоктық конфронтация және билік саясаты әлемдегі бейбітшілік пен барлық елдердің қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді. Президент Путин екеуміз Палестина-Израиль жанжалын шешудің өзектілігін және БҰҰ қарарын орындай отырып, Палестина мәселесін екі мемлекеттің формуласы негізінде шешу қажеттігін атап өттік. Қытай мен Ресей Украина дағдарысын саяси реттеу арқылы шешуді дұрыс деп санайды. Бұл мәселе бойынша Қытайдың ұстанымы дәйекті және айқын», – деген Си Цзиньпин.

Сондай-ақ оқыңыз