Малайзия премьер-министрі Қазақстанда халал-индустрияны дамытуға мән бермек

Жарияланды (жаңартылды )
Малайзия делегация
Президент Малайзия делегациясымен кездесті /фото t.me/aqorda_resmi

Қасым-Жомарт Тоқаев Малайзия делегациясымен кездесті. Бұл жөнінде Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.

Малайзия Премьер-министрі Ануар Ибрагим сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мән беретінін айтты. Ануар Ибрагим елде халал-индустрия мен ислам-банкингін дамытуға ықыласты екенін жеткізді.


– Біз дамып келе жатқан экономикалық қатынастардан барынша пайда таба аламыз. Нақты ұсыныстарымыз бар. Министрлеріңізбен импорт және экспорт мәселелері жөнінде екіжақты кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз. Малайзияның тауарлар нарығы – орасан зор. Қазіргі кезде біздің еліміз компьютер чиптерін өндіретін өңірлік хабқа айналды. Оған АҚШ, Еуропа елдері, оның ішінде Германия, сондай-ақ Қытай ауқымды инвестиция құйып отыр. Біз өз тәжірибемізбен бөлісіп, сіздің елде табысты жүзеге асырылған өзгерістерден үлгі алғымыз келеді. Әлбетте, халал-индустрия секілді салалар да назардан тыс қалмауы керек. Сонымен қатар біз ислам-банкингінің перспективасын қарастырамыз, – деді Малайзия Премьер-министрі.

Малайзия – халал стандартымен ет өнімдерін сыртқы нарыққа жеткізуші елдердің бірі. 2030 жылға дейін бұл мемлекет халал өнеркәсібінің көлемін 113,2 млрд АҚШ долларына жеткізгісі келеді. Халал-индустриясын дамытуға мүдделі Қазақстан 14 жылдан бері Ислам қаржы жүйесін дамытуды қолға алған. Осы салада «Al Hilal» «Ислам банкі» АҚ және «Заман-Банк» «ИБ» АҚ – екі ұйым ғана тіркелген. Бірақ олардың жиынтық активтері банк секторының 0,2% шамасында есептелінген. Малайзияның нарықты зерттеп отырғаны, өзіндік жобасын ұсынуды көздегісі келетіні түсінікті.

Кездесу барысында көлік-транзит, энергетика, қаржы және мәдени-гуманитарлық салалардағы жан-жақты серіктестіктің мүмкіндіктері талқыланды. Сонымен қатар тараптар БҰҰ, ИЫҰ және АӨСШК секілді халықаралық құрылымдар аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін білдірді.

Қазақстан Президенті ынтымақтастықты жандандыра түсудің маңызы зор екеніне тоқталды.


– Өз тарапымыздан Оңтүстік-Шығыс Азия өңірінде аса маңызды рөл атқаратын Малайзиямен анағұрлым тығыз әрі нәтижелі ықпалдастық жасауға дайын екенімізді жеткізгім келеді. Біз малайзиялық компаниялардың қатысы бар жаңа табысты жобалардың жүзеге асырылуын қолдаймыз. Бұл ретте Қазақстан Үкіметі қажетті көмек көрсетуге дайын, – деді Тоқаев.

Бұдан бөлек екі елдің азаматтары мен бизнесмендері 30 күндік визасыз режимнің және қолайлы тікелей әуе қатынасының игілігін көріп отырғанын атап өтті. Малайзия университеттерінде 500-ден аса қазақстандық студент білім алып жатыр. Президент олардың екі ел арасында «алтын көпір» болатынына сенім білдірді.

Айта кетейік, осы аптада Тоқаев инвестиция тарту бойынша іскерлік кездесу өткізіп үлгерді. Германиядан тартылған инвестиция көлемі өсіп келеді.

Сондай-ақ оқыңыз