Грузияға саяхаттайтын қазақстандықтар медициналық сақтандыру полисін алуы керек

Жарияланды
Грузияға саяхаттап
Грузияға саяхаттап баратын туристерде сақтандыру полисі болмаса, айыппұл салынуы мүмкін / Фото: kursiv.media

Грузияға саяхаттап баратын қазақстандықтар 1 маусымнан бастап медициналық сақтандыру полисін алуы керек. Бұл жайлы «Еуразия» СК баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Грузияда туризм туралы заңға өзгеріс енгізілген. Заң талабына сәйкес, шетелдік туристерден медициналық сақтандыру талап етіледі. Десе де, елге бірінші рет келген туристің мұндай сақтандыруы болмаса, шекара қызметі оны елге кіргізуден бас тартпайды. Тек сақтандыру полисіне қатысты талап бірнеше рет бұзылған жағдайда, Грузия тарапы шетел азаматтарын елге кіргізуден бас тартуы мүмкін.

Сонымен бірге құжтқа сәйкес, елдің көші-қон қызметі немесе шекара бақылауы туриске айыппұл сала алады. Сақтандыру полисі болмаған жағдайда, азаматтарға салынатын ең төменгі айыппұл мөлшері 300 лариді, яғни 50 мың теңгені құрайды.

Ал шаңғы, альпинизм және треккинг сынды экстремалды спорт түрлерімен айналысуды көздейтін туристер үшін айыппұл 500-ден 1000 лари немесе 82 мыңнан 164 мың теңге аралығында болуы мүмкін. Айыппұл тағайындалған соң 30 тәулік ішінде төленбесе, оның мөлшері екі еселенеді. Мұндай заңбұзушылықтың қайталануы айыппұл көлемінің екі есе артуына әкеп соғады. Сонымен бірге айыппұл төленбесе туристің елден шығуына тыйым салынуы мүмкін. Туристік медициналық сақтандыру полисіне қатысты талаптар қайталанып бұзылған жағдайда айыппұл көлемі екі еселенеді.

Жедел медициналық көмек бойынша сақтандыру өтемінің ең аз мөлшері 5 мың АҚШ долларын құрайды. Ал стационарлық емделу бойынша 30 мың АҚШ доллары көлемінде. Полис туристің Грузияда болатын күндеріне есептеліп беріледі.

«Қазақстандық туристер Грузияға жиі саяхаттайды. Қазіргі уақытта бұл ең танымал туристік бағыттардың бірі. Осы орайда туроператор туристерге медициналық сақтандыру туралы және айыппұл сомасы туралы ескертуі керек. Дегенмен, кейбір азаматтарымыз бұл елге туристік агенттіктердің көмегіне жүгінбестен, өздері сапар шегіп жатады. Алайда осындай заң талаптарын білмеу, олардың саяхатына теріс әсерін тигізуі мүмкін»,- деп ескертеді баспасөз қызметі.

Талаптарға сәйкес, сақтандыру полисі грузин, ағылшын немесе орыс тілдерінде толтырылып, қағаз нұсқасында берілуі керек. Өйткені бұл құжатты елдің шекара қызметі кірер кезде де, шығар кезде де міндетті түрде тексеріп отырады.

Бұл заң негізінен 2024 жылдың басында қабылданған. Алайда айыппұл салуға қатысты нормалар тек маусым айынан бастап күшіне енеді.

Айта кетейік, Грузияның Ұлттық туризм басқармасының мәліметіне сенсек, 2023 жылы елге 7 миллионнан астам турист кірген. Олардың 167 мыңнан астамы қазақстандықтар. Грузияға келген туристер саны саны бойынша Қазақстан елдер рейтингінде алтыншы орында тұр.

Сондай-ақ оқыңыз