KAZENERGY елдегі электр қуаты тапшылығын мұнай-газ компанияларының көмегімен шешуді ұсынды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Ұсыныс қай компанияларға жасалды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Қазақстандық мұнай, газ және энергетика секторы ұйымдарының қауымдастығы KAZENERGY ірі компанияларға электр энергиясын өндіруге кеткен шығындарды өтеу шартымен қуаттың белгілі бір бөлігін беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынады.

«ТШО мен NCOC кәсіпорындарының резервтік энергия қуаттары KEGOC-қа соңғы жылдары электр энергиясының қосымша көлемін беру жағдайын түзетуге бірнеше рет көмектесті. Себебі ірі жер қойнауын пайдаланушылардың Өнімді бөлу туралы келісім мен Әріптестікті құру туралы келісімге сәйкес электр энергиясын басқа ұйымдар мен тұтынушыларға сатуға құқы жоқ. KAZENERGY ірі компанияларға электр энергиясын өндіруге кеткен шығындарды өтеу шартымен резервтік қуаттар шеңберінде генерацияның белгілі бір көлемін беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынады», – деп жазылған қауымдастық таратқан хабарламада.

Қауымдастық бұл ұсыныс электр энергиясы нарығындағы субъектілердің арасындағы бірқатар мәселелерді де шешеді деп есептейді.

Батыс аймағында орналасқан негізгі мұнай және газ өндірушілердің жұмысы еліміздің Бірыңғай энергетикалық жүйесінен оқшауланғаны мәлім. Осыған байланысты энергиямен қамтамасыз етудің тұрақсыздығы аңғарылады. Сонымен қатар жүйелі түрде апаттық жағдайда энергия сөнеді. Бұл бүкіл облыс үшін, соның ішінде өндірістік және әлеуметтік нысандарға үлкен проблемалар туғызады.

«Бұл жер қойнауын пайдаланушылар тұтынатын тауарлық газдың бір бөлігін электр энергиясын өндіру үшін босатуға, генерацияның бір бөлігін өз қажеттіліктеріне пайдалануға, қоршаған ортаға зиянды шығарындылар көлемін азайтуға және ішкі нарыққа, оның ішінде болашақ мұнай-химия жобалары үшін қосымша тауарлық газ жеткізуге мүмкіндік береді», – деп жазылған хабарламада.

Еске сала кетсек, былтыр МАЭК-тегі апат Қазақстандағы мұнай өндірісінің 252 600 тоннадан 218 900 тоннаға дейін төмендеуіне алып келді. Бір күнде мұнай көлемі 13 пайыз қысқарған.




Сондай-ақ оқыңыз