Қаржы министрлігі үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге биыл 2,02 трлн теңге жұмсамақ

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
үкіметтік қарызға
Үкіметтік қарыз көлемі қанша? Фото: kursiv.media архиві

Қаржы министрлігі 2024 жылы үкіметтің ішкі және сыртқы борышына қызмет көрсетуге 2,02 трлн теңге жұмсауды жоспарлаған. Бұл туралы министрліктің ашық үкімет порталына жариялаған құжатында жазылған.

2023 жылы үкіметтік қарызға қызмет көрсетуге 1,8 трлн теңге жұмсалған. 2024 жылға жоспарланған қаржы 2,02 трлн теңгені құрайды. Ал 2025-2026 жылдары осы мақсатта 2,74 және 2,75 трлн теңге жұмсалмақ. 2027 жылы үкіметтік қарызға қызмет көрсету үшін 2,89 теңге қарастырылады.

Бұл қаржы сыртқы және ішкі үкіметтік қарыздар бойынша сыйақылар, комиссиялық және басқа да төлемдер төлеуге бағытталған.

«Мемлекеттің қаржылық міндеттемелері бойынша төлемдердің уақтылы және толық болуы халықаралық ауқымдағы кредиттік рейтинг бағаларын құрайтындардың бірі ‒ елдің қаржылық тұрақтылығының жай-күйіне тікелей ықпал етеді», – делінген түсіндірме жазбада.

Үкіметтік борышқа қызмет көрсету шығыны Қазақстан Республикасының міндеттемелерін орындау, Үкімет қарызы бойынша дефолтқа жол бермеу үшін жұмсалады.

Үкіметтік борыштың ЖІӨ-ге қатынасы 2025жылы – 21,2% пайыз құраса, 2026 жылы – 21,1%; 2027 жылы – 20,9% болуы ықтимал.

Үкіметтік борыш көлемі қанша?

Мәжіліс отырысында депутат Берік Бейсенғалиев 2023 жылы үкіметтік қарыз 13 пайызға өсіп, 60 млрд долларға жеткенін мәлімдеді. Жалпы ішкі өнімге қатысты үлесі 22 пайызға жетіп қалды. Ал мемлекеттің сыртқы қарызы 162 млрд долларды құрап, ЖІӨ-нің 60 пайызын құрайды. Депутат Қаржы министрлігінен сыртқы қарызы неге өсіп жатыр, қарыздың қарқынды өсуі неге әкеп соғады деп сұрады.

Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтың айтуынша, қазіргі кезде Қазастанның мемлекеттік борышы 27,2 трлн теңгені құрайды. Соның 24,9 трлн теңгесі – үкіметтік борыш. Вице-министр борыш мөлшері рұқсат етілген мөлшерден аспаған.

«2024 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша мемлекеттік қарыз 27,2 трлн теңгені құрайды, бұл жалпы ішкі өнімнің 22,8 пайызын құрайды. Оның 24,9 триллион теңгесі мемлекеттік қарыздың үлесі (ЖІӨ-нің 20,9%). Қазіргі уақытта Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында белгіленген борыш көрсеткіштері рұқсат етілген шекті көрсеткіште», – деді вице-министр Темірбеков.

Сондай-ақ оқыңыз