Ресей Қазақстан үшін қант квотасын арттырмақ: көрші елден эспортталатын құмшекер 220 мың тоннаға жетуі мүмкін

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ресей қант квотасын арттыруы мүмкін. Фото: kursiv.media архиві

Ресей 2024 жылдың 31 тамызына дейін Қазақстан үшін қант квотасын тағы 100 мың тоннаға арттырады. Осылайша, қант квотасының жалпы көлемі 220 мың тоннаға жетпек. Мұндай келісімге Ресейдің Қазан қаласында өткен екіжақты кездесуде қол жеткізілген. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Қант квотасы Қазақстан вице-премьері Серік Жұманғарин мен Ресей үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчук қатысқан кездесуде талқыланған.

3 мамырда Ресей елден қант шығаруға уақытша тыйым салу туралы қаулы қабылдаған. Шектеу 2024 жылдың 31 тамызына дейін өз күшінде болады. Десе де, Қазақстанға 120 мың тонна қант экспорттау қарастырылған. Жазда қантқа деген сұраныс артатындықтан, қазақстандық тарап квотаны тағы да 100 мың тоннаға арттыру мәселесін көтерді. Алдын ала келісім алынып, енді квотаны ұлғайту мәселесі 29 мамырда ЕЭК Кеңесінің отырысында қаралмақ.

Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстан Ресейден қосымша 80 мың тонна қант жеткізуді сұрап отырғанын айтқан. Министрдің мәлімдеуінше, елімізде қант қажеттілігі жылына – 550 мың тонна. Бүгінде 90 мың тонна қант бар. 

Ресейден келетін 120 тонна қант осы айдан түсе бастайды. Сондай-ақ бажсыз кіргізетін 300 мың тонна қант құрағы бар. Министр биыл осы қант жетуі тиіс деп сендірген.

Ұлттық статистика бюросының 2023 жылдың күзінде жарияланған мәліметтеріне сүйенер болсақ, елімізде қант өндірісі күрт төмендеп, Ресейден келетін импорт үш есеге артқан. 

Еске сала кетейік, 9 сәуір күні ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі құрғақ қант шикізатын бажсыз әкелу туралы бұйрығы жарияланды. Қант өндірушілерді шикізатпен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында Еуразиялық экономикалық комиссия деңгейінде қамыс қантының үштен бір бөлігін бажсыз импорттауға жеңілдік қарастырылған. Министрлік 300 мың тонна құрғақ қант шикізатын бажсыз әкелуді көздеп отыр. 

Сондай-ақ оқыңыз