8,5 жылға сотталды: Шымкент әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Исаховқа қатысты сот үкімі шықты

Жарияланды
Мақсұт Исаховқа
Шымкент қаласы ауданаралық соты Мақсұт Исаховқа қатысты сот үкімі шыққанын хабарлады / Фото: kursiv.media

Шымкент әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Исаховқа қатысты сот үкімі шықты. Ол 8 жыл 5 ай жеті күнге бас бостандығынан айырылды. Бұл жайлы Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары аса ірі мөлшерде пара беруге оқталды деп күдіктелген. Исахов Шымкент қаласы әкімінің орынбасары бола тұра, Шымкент қаласы бойынша ҰҚК департаментінің бірінші орынбасарына әкімшіліктің лауазымды тұлғаларына қатысты қозғалған істі қысқарту үшін аса ірі мөлшерде – 200 мың доллар пара беруге оқталған деп айыпталған.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотталушының кінәсі куәлердің жауаптарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен, жасырын тергеу әрекеттері (ЖТӘ) нәтижелерімен және басқа да іс құжаттарымен дәлелденген.

«Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы айыпты ҚК-нің 367-бабының 4-бөлігінен ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі – 367-бабының 4-бөлігіне қайта саралап, аса ірі мөлшерде пара беруге оқталу деп өзгертіп, сотталушыға 8 жыл 5 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады», – делінген баспасөз хабарламасында.

Жаза тағайындау барысында сот Исаховтың асырауында жасөспірім балалардың болуын оның қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныған. Ал ауырлататын мән-жайлар іс бойынша анықталмаған. Нәтижесінде сот Мақсұт Исаховты аса ірі мөлшерде пара беруге оқталу бойынша кінәлі деп тапқан. Оған ҚК-нің 55-бабының 2-бөлігі, 56-бабының 3-бөлігін қолдана отырып 8 жыл 5 ай 7 күн бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру туралы шешім шығарылған.

Қазақстан Республикасы Президентіне Исаховты мемлекеттік награда «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс жолданған.

Ал айыпталушының қорғаушылары сотталушының әрекетінде қылмыстық құрамның болмауына байланысты ақтауды сұраған.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Мақсұт Исаховтың 2023 жылдың 20 шілдесі күні ұсталған

Еске сала кетсек, ҰҚК Мақсұт Исаховтың ұсталғанын 2023 жылдың 20 шілдесі күні хабарлады. Оның жемқорлық фактісі бойынша ұсталғаны айтылды.

Мақсұт Исахов 1974 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын ішкі істер органдарында бастап, кейін ҚТЖ-ға ауысты. Ол Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппаратында да жұмыс істеп, Өскеменде көлік және жолдар басқармасының басшысы, кейін әкімнің орынбасары болды.

Алматыда екі басқарманың – жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарының, кейін энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы болды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарды.

Ал 2020 жылдың ақпан айында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалған. Ол құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және жол, туризм, ақпараттық қауіпсіздік және халыққа қызмет көрсету салаларын қадағалады.

Сондай-ақ оқыңыз