«ҚазМұнайГаз» 2023 жылы таза табысы азайса да, акционерлеріне 300 млрд теңге дивиденд төлеуі мүмкін

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
300 млрд
ҚМГ 300 млрд теңге дивиденд төлейді. Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

«ҚазМұнайГаз» ұлттық мұнай компаниясы акционерлеріне 2023 жыл үшін 300 млрд теңге дивиденд төлеуі мүмкін. Директорлар кеңесі аудиттелген қаржы есебі негізінде осындай соманы ұсынып отыр.

Қарапайым акцияға шаққанда дивиденд мөлшері 491,71 теңгені құрайды. Акционерлер мақұлдаса, 24 маусымнан дивиденд төлеу басталмақ.

2023 жылы компания 960 млрд теңге таза пайда тапқан. Соның 660 млрд теңгесі ҚМГ иелігінде қалса, 300 млрд теңгесі дивиденд ретінде төленуі ықтимал. Нақты шешім 28 мамырда өтетін жалпы жылдық жиналыста шығарылады.

«ҚазМұнайГаз» 2022 жыл үшін де акционерлеріне 300 млрд теңге дивиденд төлеген. 1 қарапайым акцияға – 491,71 теңге. Ол кезде компанияның таза табысы 1,3 трлн теңгені құраған болатын.

Компания наурыз айында 2023 жылғы таза пайдасы 924 млрд теңгені құрағанын хабарлаған. Бұл көрсеткіш құрамында бақылауға алынатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялар пайдасындағы үлес бар. Былтыр мұнай бағасының арзандауы компания таза табысының қысқаруына едәуір әсер еткен.

Сәуір айында жариялаған жылдық есебінде компания былтыр таза пайдасын 960 млрд теңгеге жеткізгені жазылған.

“ҚазМұнайГаздың» негізі 2002 жылы қаланды. Бүгінгі таңда оның 67,42% акциясы «Самұрык-Қазынаға» тиесілі. 20 % акциясына Қаржы министрлігі иелік етеді. Қалғаны Қазақстан Ұлттық Банкі мен (9,58%) жеке акционерлердің (3,00%) иелігінде. 2022 жылдың соңындағы «ҚазМұнайГаздың» IPO-сы кезінде компанияның 3% акциясы сатылған.

2023 жылы Ұлттық банк Ұлттық қор қаржысына «ҚазМұнайГаз» компаниясының 122 млн акциясын сатып алады.

Сондай-ақ оқыңыз