«Қазақтелеком» 1 шілдеден тарифтерінің қымбаттайтынын хабарлады

Жарияланды
Қазақтлекеом тарифтерді
«Қазақтелеком» АҚ 1 шілдеден бастап архивті тарифтердің қымбаттайтынын хабарлады / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

«Қазақтелеком» АҚ архивтегі тарифтердің қымбаттайтынын хабарлады. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұрағаттағы 51 тариф бойынша бағалар көтеріледі.

«2024 жылғы 1 шілдеден бастап архивтегі тарифтік желінің кейбір тарифтік жоспарлары бойынша бағалардың көтерілетіні туралы хабарлаймыз», – делінген компания хабарламасында.

Компания хабарлауынша, 51 тарифтік жоспардың бағасы 5500 бен 11000 теңге аралығында бекітілген. Бұл бағалар үйдегі интернет пен ALTEL, Kcell тарифтеріне әсер етеді.

Айта кетейік, бүгінде құрамына Tele2 және Kcell кіретін «Қазақтелеком» тобы отандық телекоммуникация нарығында басымдыққа ие. Тұрақты сегментте қосылған абоненттер саны бойынша ұлттық компанияның үлесі 70%-ға жеткен. Ал ұялы байланыс сегментінде 60%-дан асқан. Осыған байланысты нарықты демонополизациялау мақсатында «Қазақтелеком» компаниялар тобындағы ұялы байланыс операторларының бірін шығару шаралары жүргізілуде.

Ал сәуірде  депутат Елнұр Бейсенбаев 2023 жылы ұялы байланыс операторлары тарифті 60%-ға дейін көтеріп жібергенін айтқан болатын. Депутат әр ұялы байланыс операторының тарифтеріне жеке тоқталған. Атап айтқанда, 2023 жылдың сәуірінде Билайн «Яркий» тарифтік жоспарын 1790 теңгеден 2490 теңгеге дейін өсірген. Баға 39%-ға өскен. Кселл мен Теле2 тамыз айынан бастап әртүрлі тарифтік жоспарының өсетінін мәлімдеген. Солайша Кселл-дің «Реальный безлимит» тарифі 3390 теңгеден 4390 теңгеге артып, 29%-ға қымбаттаған. Ал Теле2 «Просто супер» тарифін 27%-ға көтеріп, 2590 теңгеден 3290 теңгеге өсірген.

Депутаттың айтуынша, Актив, Кселл операторлары тарифке 1 мың теңге, ал арнайы әлеуметтік желілердегі интернетті лимитсіз қолдану үшін тағы 990 теңге үстінен қосқан. Солайша 3390 теңгелік тариф 5380 теңгеге дейін өсіп, 59 пайызға қымбаттай түскен.

Сондай-ақ оқыңыз