Қырғызстандағы шиеленістен кейін, Қазақстанның шетелдік студенттер оқитын ЖОО-ларында кезекшілік ұйымдастырылған
Қырғызстандағы дүрбелеңнен кейін, Ғылым және жоғары білім министрлігі елдегі жоғары оқу орындарында жиналыс өткізіп, кезекшілік ұйымдастырған. Бұл жайлы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.
Журналистер Үкімет сағатынан кейін өткен брифингте елдегі пәкістандық студенттердің қауіпсіздігі мәселесін көтерді.
«Жақында Қырғызстанда Пәкістаннан келген студенттерге жергілікті тұрғындар шабуыл жасады. Осы орайда біздің елде шетелдік студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қандай да бір профилактикалық шаралар қолға алынды ма? Жалпы елімізде осындай шиеленісті жағдайлар тіркелген бе?», – деп сұрады.
Министр елде мұндай жағдайлардың тіркелмегенін, көрші елдегі оқиғадан соң, бұл мәселе бойынша арнайы жиналыстар өткізілгенін мәлімдеді.
«Қырғызстанда болған жағдай туралы айтар болсақ, ол елде Пәкістаннан және Үндістаннан келіп оқитын студенттер саны өте көп. Ош және басқа мемлекеттік университеттерде 28 мыңға жуық шетелдік студенттер оқитыны айтылды. Ал біздегі жағдайға келер болсақ, елімізде Пәкістан мен Үндістаннан келіп оқитын студенттер саны 12 мыңға жуық. Олардың дені Үндістаннан келген. Пәкістаннан келген студенттар аздау. Көрші елде болған жағдайға байланысты, бірінші кезекте, шетелдік студенттер оқитын барлық университеттің ректорларымен жиналыс өткіздік. Сонымен бірге шетелдік студенттер оқитын оқу орындарында кезекшілік ұйымдастырдық», – деді министр.
Сонымен бірге Саясат Нұрбек алдағы уақытта шетелдік студенттермен бірге тұратын қазақстандық суденттермен де профилактикалық мақсатта жиналыстар өткізілетінін, мұндай шиеленісті оқиғалардың болдырмауға барынша жағдай жасалатынын мәлімдеді. Министр Үндістан мен Пәкістаннан келген студенттердің жайлы жағдайда оқып жатқанын, барлығының жатақханамен қамтамасыз етілгенін жеткізді.
«Үндістан мен Пәкістаннан келген студенттер негізінен медицина және инженерия мамандықтары бойынша Семей, Қарағанды, Астана, Алматы, Көкшетау қалаларында оқиды. Бұл жердегі барлық жоғары оқу орнында студенттерге жағдай жасалған. Сонымен бірге шетелдік студенттердің оқуын қамтамасыз етумен айналысатын арнайы компаниялар жұмыс істейді. Олар жатақханалар сатып алып, студенттердің өмір сүруіне ыңғайлайды», – деді министр.
Еске сала кетсек, 17 мамыр күні Бішкекте жергілікті тұрғындар топ болып келіп, шетелдік азаматтарға қоқан-лоққы көрсеткен. Арты шиеленіске ұласып, салдарынан жаппай төбелестен 30-ға жуық адам жараланған.
Бұл оқиғадан соң Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Камчыбек Ташиев жергілікті азаматтардың талабына да құлақ асқанын мәлімдеді. Ол кінәлілерді ұстаумен қатар Қырғызстанда заңсыз жүрген мигранттарды жедел түрде анықтайтынын хабарлады. Нәтижесінде 5 мың шетелдік азама тексеріліп, біразын елден шығарып жіберу туралы шешім қабылданған. Тексерілгендердің 1300-і Пәкістан азаматы болып шыққан.
Шиеленісті жағдайдан кейін Пәкістан Қырғызстанда оқып жатқан 540 студентін елге қайтару үшін 3 арнайы коммерциялық рейс жіберу туралы шешім қабылдады. Пәкістан сыртқы істер министрі Мухаммед Исхак Дар жағдайға байланысты Қырғызстан сыртқы істер министрі Жиенбек Құлыбаевпен телефон арқылы сөйлесіп, келіссөздер жүргізгенін айтқан.