Қазақстанға жоғары сұрыпты мақта өсіруге Қытай көмектесуде

Жарияланды (жаңартылды )
kursiv.media

Түркістан облысында 1 мың гектар алқапқа тамшылатып суару әдісі арқылы жоғары сұрыпты мақта тұқымы өсіріле бастады. Бірінші кезеңде мақта кластерін құру, одан кейін толығымен Қазақстанда жасалған маталардан жұқа, жоғары сапалы жейде және үй тоқыма бұйымдарын шығару жоспарлануда. Қытайдың жібек жіптерін шығаратын Lihua Spinning Technology компаниясы кеңесші ретінде жұмысқа тартылды. Бұл туралы Premierminister.kz үкімет порталы хабарлады.

Мақта-тоқыма кластерін «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы (жалғыз акционері Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы) және «Алтын дала мақта» серіктестігі құрып отыр. Бұл мақта өсіруден бастап өңдеуге және жұқа зығырдан жасалған киімдерді, сондай-ақ үй тоқыма бұйымдарын өндіруге дейінгі толық өндірістік цикл болатыны нақтыланды. Тамшылатып суару әдісін қолдану арқылы элиталық мақта өсіру шикізат жинауды айтарлықтай арттырып, егіс көлемін қысқартатыны атап өтілді. Қазірдің өзінде өндіріс орнында 50-ден астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған.

Кезең-кезеңмен пластикалық құбырлар, тамшылатып суару жүйелері, мақта өңдеу бойынша екі зауыт, иіру, тоқу фабрикалары және кластердің басқа да жоспарланған объектілерін өндіретін зауытты пайдалануға бере отырып, кәсіпорын 4 мыңнан астам жұмыс орнын құрады. Ал қазақстандықтарды – жоғары сапалы маталармен және тоқыма өнімдерімен  қамтамасыз етеді.

Қытай тарапы жоғары сұрыпты мақта өндірісін дамытуға мүдделі

2023 жылдың желтоқсан айында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытай Халық Республикасының «Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd» компаниясының бас директоры Чжан Цихаймен кездесті. Сол кезде Түркістан өңірінде мақтаның жоғары сұрыпты түрін өсіру, тамшылатып суғару технологиясын енгізу және мақта өңдеу зауытын салу мәселесі сөз болды.

Дархан Сатыбалды «Turkistan» арнайы экономикалық аймағында инвесторларға зауыт ашу үшін дайын инфрақұрылым, сондай-ақ түрлі салықтық жеңілдіктерді ұсынатынын айтты.  

«Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd» компаниясының бас директоры Чжан Цихай Түркістан облысында мақта өңдеу зауытын ашуға ниетті екенін жеткізді.

– Біздің компания – мақта кластері бойынша Қытайдағы көшбасшылардың бірі. Мақта өсіру, өңдеу, жіп және мата, киім шығаруға дейінгі жобаларды жүзеге асырамыз. Компания иелігінде 115 зауыты бар. Компанияның жалпы активі 3 млрд. АҚШ долларынан асты. Қытай нарығына 8,5 млн тонна мақта керек. Оның 3,5 млн тоннасын шетелден алуымыз керек. Келудегі мақсатымыз – Қазақстаннан мақта сатып алу және мақта өңдеу зауытын ашу. Осында тамшылатып суғару технологиясын енгізіп, жоғары сұрыпты мақта өсіру. Әріптестік орнатуға дайынбыз, – деген еді Чжан Цихай.

2026-2027 жылдары  Түркістан облысында жалпы құны 223 миллиард теңгеден асатын екі жоба іске қосылады. Өндіріс орындарына Қытай мен Өзбекстанның компаниялары инвестиция салмақ. Мақтаарал ауданында құны 21 миллиард теңге болатын мақта кешенін салу жобасы жоспарланған. Мұнда логистикалық хаб салынады.

Айта кетейік, Қазақстан мен Қытай суды үнемдейтін технологияларды сынап көруге және отандық ауыл шаруашылығы өнімдері үшін «жасыл дәліз» құруға келісті. Қазақстанда суармалы жерлердің 50%-ына дейін су үнемдеу технологияларымен қамту жоспарланып жатыр.

2023 жылдың қорытындысы бойынша Қытай Қазақстанның сауда серіктестері арасында алғашқы орында.

Былтыр екі ел арасындағы өзара сауда 31,5 млрд АҚШ доллар болған рекордтық көрсеткішке жетті. Қазақстандық өнімнің Қытайға экспорты 12,6 пайызға өсті. Сөйтіп 14,7 миллиард доллар болды. Импорт 50,5 пайызға өсіп, 16,8 миллиард АҚШ долларына жеткен

Сондай-ақ оқыңыз