Ресейдің бұғатталған активтерінен түскен пайда Украина әскерін қолдауға жұмсалады – Еуроодақ
Ресейдің еуропалық депозитарийлерде бұғатталған активтерінен түскен пайда екі жыл сайын Украинаға әскери қолдауға жұмсалмақ. Бұл туралы Еуроодақ кеңесі хабарлады.
Қаражаттың 90%-ы Еуропалық Бейбітшілік қорына, тағы 10%-ы Украинаны қолдау және Еуропалық Одақтың қорғаныс өнеркәсібін қалпына келтіру бағдарламаларын жүзеге асыруға бағытталады.
ЕО шектеу шаралары Украинаға одан әрі әскери қолдау көрсету, сондай-ақ оның қорғаныс өнеркәсібінің қуатын арттыру мен қайта құру үшін пайдаланылады.
2022 жылдың ақпанында Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыс басталды. Осыдан кейін АҚШ, ЕО және басқа да одақтас елдер бірігіп Ресейдің Орталық банкімен және Ресей Қаржы министрлігімен транзакцияларға тыйым салды. Қазіргі кезде Ресейдің бұғатталған активтерінің көлемі 300 млрд долларға жеткен. Ресей активтерінің дені Еуропалық Одақ (ЕО) тұзағына түсіп, тым-тырыс жатыр.
Бұған дейін Bloomberg ЕО Ресейдің тыйым салынған активтерін кепіл ретінде пайдалану мәселесін көтеріп жатқанын жазған. Бұл идеяға Бельгия бастамашыл болған.
ЕО елдері мен G7 2022 жылдан бастап Ресейдің тыйым салынған активтерін пайдалану мәселесін талқылап келеді Financial Times дерегінше, Құрама Штаттар одақтастарын қаражатты тәркілеу жолдарын зерттеуге итермелейді. Бірақ Германия, Франция және Еуропалық Орталық банк мұны қаржылық тұрақтылыққа қауіп төндіреді деп санайды.
Сонымен бірге ақпан айының басында Еуропалық кеңес Еуропалық комиссияның арнайы ұсынысын мақұлдады.Құжатта Ресейдің тыйым салынған активтерінен түсетін кірісін Украинаға көмек ретінде беру туралы жазылған.
ЕО елдері ақпанда Ресейдің бұғатталған активтерінен түсетін пайданы бөлек тіркеуге келіскен болатын. Енді осы пайда Украинаны әскері қолдауға жұмсалмақ.