«Қазақтелеком» акционерлеріне 23,1 млрд теңге дивиденд төледі
«Қазақтелеком» 2023 жыл үшін акционерлеріне 23,1 млрд теңге дивиденд төледі. Бұл компанияның былтырғы таза пайдасының 24,79 пайызына тең. KASE-ге жолдаған ақпаратында компанияның 2018 жылдан бері жалпы 150 млрд теңге дивиденд төлегені жазылған.
Артықшылығы бар 1 акцияға – 1796,6 теңге, жай акция үшін 2096,6 тенге жіберілген. Компания 2022 жылға жай және артықшылығы бар акциялар үшін 33, 4 млрд теңге дивиденд төлеген болатын.
2023 жылдың қаржылық есебіне сүйенсек, «Қазақтелеком» компаниялар тобының кірісі былтыр 53,3 млрд теңгеге ұлғайып, 687,8 млрд теңгені құрады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша 634,5 млрд теңге. EBITDA көрсеткіші 4,3% өсіп, оның кірістілігі 43,3%-ды құрады.
Алайда компанияның таза пайдасы бір жылда 19%-ға қысқарған. Былтыр компания 104,4 млрд теңге таза пайда тапқан. Ал 2022 жылғы көрсеткіш 128 млн теңгені құраған болатын.
2023 жылы компаниялар тобының күрделі шығындары айтарлықтай өсіп, 375 млрд теңге немесе кірістің 55% құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 3 есе көп. Соңғы 2 жылда «Қазақтелеком» еншілес мобильді операторлар – «Кселл» АҚ (Kcell/Activ брендтері) және «МТ-С» ЖШС (Tele2/Altel брендтері) компанияларынан дивиденд алмаған.
Компания басшылығы мұны 5G жобасымен, еңбекақы төлеу қорына жұмсалатын шығындар 125 млрд теңгеден 146 млрд теңгеге дейін 16,8% артқанымен байланыстырды.
«Қазақтелеком» АҚ негізі акционері – «Самұрық-Қазына» қоры. Оған компания акцияларының 79,24%-ы тиесілі. 9 пайыз акциясын First Heartland Jusan Bank иеленеді. «Әлеуметтік даму қорына» 3,4%-ы тиесілі болса, жеке акционерлер 7,8% ациясына иелік етеді.