JPMorgan-ның жағымсыз болжамы, Гундлах АҚШ-та рецессия болады деп күтеді, Қытай америкалық компанияларға қарсы санкция енгізіп жатыр

Жарияланды
БАҚ шолуы / Shutterstock

JPMorgan 2024 жылдың соңына қарай АҚШ қор нарығы 21%-ға құлдырайды деп болжап отыр. Ал «облигациялар патшасы» Джеффри Гундлах АҚШ-та сөзсіз рецессия болатынына сенімді. Reuters сауалнамасына қатысқан қор менеджерлері мен акция жөнінен стратегтердің пікірінше, еуропалық акциялардың бәйгесі 2024 жылдың соңына дейін тоқтап қалуы мүмкін. Осы және басқа тақырыптар туралы 22 мамырдағы әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

JPMorgan АҚШ қор нарығына қатысты күңгірт болжам жариялады

«JPMorgan компаниясының нарық жөнінен бас стратегі Марко Коланович АҚШ-тың қор нарығы туралы болжам жариялады. Қазіргі кезде бұл – Уолл-стриттегі ең пессимистік болжамдардың бірі болып отыр» деп жазады FOX Business. Осы сарапшы мен оның әріптестері S&P 500 жылды 4200 деңгейінде аяқтайды деп күтеді. Бұл – қазіргі деңгейден 21%-ға төмен көрсеткіш.

«Акцияларды өте жоғары бағаланның өзінде оларды дәл қазір инвестиция үшін тартымды деп санамаймыз. Позициямызды өзгертуге ешқандай себеп жоқ деп білеміз» деп жазды Коланович өзінің аналитикалық жазбасында. Стратегтің пікірінше, америкалық қор нарығының қазіргі өсімі – көпке бармайтын дүние.

«Пайыздық мөлшерлемелер болжанған мерзімнен ұзағырақ жоғары деңгейде тұра беруі мүмкін. Өйткені тұрақты инфляцияның нышаны байқалады және геосаяси белгісіздік бар. Жасанды интеллект арқылы өсу неше түрлі тәуекелді өтей алмайды», – деп ескертті Коланович.

2024 жылдың басынан бастап S&P 500 индексі шамамен 11,5%-ға, Dow 5,5%-ға, Nasdaq 12%-ға өсті.

«Облигациялар патшасы» Джеффри Гундлах: АҚШ-та сөзсіз рецессия болады

DoubleLine Capital компаниясының бас директоры және негізін қалаушы Джеффри Гундлах FOX Business-ке берген сұхбатында америкалықтардың несие картасы бойынша қарызының өсетіні туралы ескертіп, АҚШ-та сөзсіз рецессия болады деген пікір айтты.

Расында да, TransUnion мәліметі бойынша, АҚШ-тағы бір қарыз алушының несиелік карта бойынша орташа қарызы I тоқсанның соңында 6,218 долларға жетті. Былтырғыдан 8,5%-ға жоғары. Тұтынушылардың несиелік карта бойынша жиынтық қарызы 1,02 трлн долларға жеткен.

Гундлах АҚШ экономикасын құлдырау күтіп тұрғанына сенімді, бірақ нақты мерзімін айтқан жоқ.

Reuters сауалнамасына сәйкес, еуропалық акциялар 2025 жылы жаңа өсім қарсаңында бәсеңдеп қалады

«Еуропалық акциялардың рекордтық дәрежеде өсуі оларды 2024 жылдың екінші жартысында ықтимал құлдырау алдында дәрменсіз етті» деп жазады Reuters. Алайда аймақ экономикасының қалпына келуі және мөлшерлеменің төмендеу циклінің басталуы оларды 2025 жылы жаңа межеге жетелейді деген болжам бар.

Басылым қор менеджерлері мен акция жөніндегі стратегтер арасында сауалнама жүргізді. Сауалнамаға қатысқандардың көбі 2024 жылдың соңына қарай STOXX 600 индексі 513 тармақты құрайды деп санайды. Сейсенбі, 21 мамырдағы сауданың жабылуы кезіндегімен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 1,9%-ға төмендеуді білдіреді. Ал 2025 жылы индекс қайтадан жоғарылап, маусымның аяғында 537-ге, желтоқсанға қарай 556-ға (тарихи максимум) жетеді.

Euro STOXX 50 индексі биыл құлдырауға ұшырамайды деп санайды респонденттер. 2025 жылдың желтоқсанына қарай индекс 5 400 тармаққа жетіп, 2000 жылы орнатылған ең жоғары 5522 тармаққа жақындай түседі. 

Лондондағы EFG Asset Management компаниясының жаһандық IT директоры Моз Афзал: «Еуропалық акциялар жылдың бірінші жартысында күшейді, ал жаз айларында дамылдауы мүмкін, – деді. – Инфляцияның төмендеуі, шегіне жеткен экономикалық өсу және шектеуі аздау ақша-несиелік саясат көкейге экономика 2025 жылы өседі деген сенім ұялатады».

2024 жылдың басынан бері STOXX 600 шамамен 9%-ға өсті. Оған ірі банктер, коммуналдық қызметтер, жылжымайтын мүлік компанияларының акциялары ықпал етті. Кей респонденттер акцияларды арзанырақ бағалау мен әртараптандырылған нарықтың арқасында Еуропадағы жағдай Уолл-стриттегі ахуалға қарағанда жақсырақ болады деп күтеді.

«Сонымен қатар, S&P 500-бен салыстырғанда, қазір STOXX 600, шамамен, 33,6%-ға жеңілдікпен сатылып жатыр», – деп атап өтті Consultinvest институционалдық сату бөлімінің басшысы Энрико Ваккари.

Қытай АҚШ әскеріне қатысы бар 12 компанияға қарсы санкция енгізіп жатыр

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы шиеленісіп тұр. Бейжің кеше АҚШ әскери-өнеркәсіптік кешеніне қатысы бар 12 компанияға санкция жариялады деп хабарлайды FOX Business. Мұндай компаниялар арасында Lockheed Martin, Raytheon және General Dynamics бөлімшелері бар. Тыйым шараларына Қытайдағы активтерді тоқтату және жоғары деңгейдегі басшылардың елге кіруіне тыйым салу кіреді.

Қытай билігі мұны «Ресеймен байланысты факторларға негізделген бірқатар қытайлық заңды тұлғаға қатысты АҚШ-тың заңсыз біржақты санкция енгізуіне» жауап ретінде істеді» делінген Қытай Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде. Сондай-ақ мәлімдемеде «Украина дағдарысына қатысты АҚШ-тың көзқарасы әділетсіз» әрі «біржақты қорқыту және экономикалық мәжбүрлеумен айналысып отыр» делінген.

Сондай-ақ оқыңыз