Сингапур Қазақстан экономикасына 1,7 млрд доллар инвестиция құйған: екі ел жаңа бизнес-жобаларды жүзеге асыруға келісті

Жарияланды
Тоқаев Сингапур Республикасына мемлекеттік сапармен барды / Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы 23-24 мамыр күндері президент Тарман Шанмугаратнамның шақыруымен Сингапур Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Онда бірқатар маңызды кездесулер өткізіп, Қазақстан-Сингапур бизнес форумына қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. 

«Біз Сингапурмен арадағы көпжақты ынтымақтастықты дамытуға баса мән береміз. Екі ел арасындағы тығыз байланыстың ұзақ жылдар бойы берік дәстүрі қалыптасқан. Мен Сингапурмен қарым-қатынас орнатуға тікелей атсалыстым. 1970-жылдары жас дипломат ретінде маған Сингапурда қызмет ету бақыты бұйырды. Өзім жұмыс істеген жердің мекенжайы да әлі есімде – Nassim road 51», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Сингапурдың өте қарқынды дамып келе жатқанын, сондай-ақ бұл елдің әлемдік экономикада жетекші орын алатынын айта келе, өзінің Сингапурға алғашқы мемлекеттік сапары екіжақты қатынастарға тың серпін беретініне сенім білдіріп, ол үшін қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

«Осы сапар аясында жетекші жергілікті компаниялардың басшыларымен кездесіп, өзара мүддені көздейтін нақты бизнес-жобаларды талқылауды жоспарлап отырмыз», – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сингапурдың премьер-министрі Лоуренс Вонгпен Алматы облысында сингапурлық Surbana Jurong компаниясының қатысуымен Alatau City (G4 City) сияқты аса ірі жобаны іске асыруды, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін арттыруға бағытталған PSA International және «Қазақстан темір жолы» АҚ арасындағы серіктестікті құптады.

«2040 жылға қарай сирек кездесетін металдарға деген әлемдік сұраныс төрт есе артатынын ескере отырып, шамамен барланбаған 5000 кен орны бар Қазақстан осы әлеуетті бірлесе дамыту үшін сенімді серіктес бола алады. Біз Қазақстандағы мыс және фосфат кен орындарын барлауға қызығушылық танытып отырған Indorama компаниясымен ұзақмерзімді ынтымақтастық орнатуға үлкен үміт артамыз», – деді Президент.

Ал бизнес форумға қатысқандардың алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы еліміздің жаңартылатын энергия саласындағы зор әлеуетіне қызығушылық артып келе жатқанын атап өтіп, Сингапур компанияларын экологиялық таза энергия өндіру, аталған салада технология және тәжірибе алмасу үшін серіктестікті кеңейтуге шақырды.

«Сингапур қоқыс жағу арқылы қуат өндіретін озық қондырғыларымен және қалдықтарды басқару жөніндегі инновациялық технологияларымен танымал. Бізді қалдықтарды реттеудің осы инновациялық тәсілі қызықтырады әрі аталған саладағы ынтымақтастықты дамытуға ниеттіміз», – деді Президент.

Сонымен бірге президент елде еркін нарықты дамытуға, инновацияны ынталандыруға және білімге негізделген экономикаға көшуге бағытталған ауқымды реформалар басталғанын айтты.

«Стратегиялық мақсатымыз – 2029 жылға қарай шетелден 150 миллиард доллар тікелей инвестиция тарту. Біз инвесторларға кешенді мемлекеттік қолдау көрсету және шұғыл шешім қабылдау қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз. Осы мақсатта стратегиялық, инвестициялық жобаларға жетекшілік ететін құзыреті жоғары Инвестициялық кеңес құрдық», – деді Мемлекет басшысы. 

Айта кетейік бүгінде Қазақстанда 140-тан астам сингапурлық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл ретте Сингапурдың Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 1,7 миллиард доллардан асып отыр.

Қазақстан-Сингапур бизнес форумы аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Сингапур Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Экономикалық саясат жөніндегі үйлестіруші министр Хенг Суи Кеаттың қатысуымен коммерциялық құжаттарға қол қою рәсіміне қатысты. Атап айтқанда, «Қазпошта» АҚ мен SingPost арасындағы Стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге, «KTZ Express» АҚ мен Global DTC арасындағы Цифрлық дәлізді іске қосу туралы декларациясына, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, PSA KZ Pte Ltd, KPMC Ltd және G-trans Service арасындағы Ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы меморандумға қол қойылды.

Ал бизнес форум аясында мынадай құжаттарға қол қойылды:

1. Forebright Capital Asia Private Limited, «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ және «BGI Hong Kong Tech Co., Limited арасындағы Forebright Life Science Technology Fund туралы инвестициялық келісім;
2. «Бирюк Алтын» ЖШС мен AlDigi Holdings Pte. Ltd компаниясы арасындағы келісім;
3. Қазақстанның «Сыртқы сауда палатасы» ЖШС мен Сингапурдың өндірістік федерациясы арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум;
4. «Caspian Group» АҚ мен China Regional Development and Planing Institute Co., Limited арасындағы Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
5. «Caspian Group» АҚ мен KPMG Samjong Accounting Corp. арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум;
6. «Mandarin building» ЖШС, «Singapore International School Kazakhstan» ЖШС және Kinder World International Group арасындағы Ынтымақтастық туралы келісім;
7. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Nomadic Innovation Hub компаниясы арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум;
8. Nomadic Innovation Hub пен Clockster арасындағы инвестициялық келісім;
9. Nomadic Innovation Hub пен Snap hunt рекрутинг платформасы арасындағы инвестициялық келісім.

Еске сала кетейік, 2023 жылы 22 мамырда Сингапурдың Тарман Шанмугаратнамға дейінгі Президенті Халима Якоб Қазақстанға мемлекеттік сапарымен келгенде маңызды 4 келісімге қол қойылған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз