«Қазақтелеком» тарифтерді көтеретінін хабарлаған соң, Бәсекелестікті қорғау агенттігі ескерту жолдады

Жарияланды
БҚДА «Қазақтелеком» тарифтерді негізделген шығындар бойынша белгілеуі керек екенін хабарлады / Фото: Асқар Ахметуллин, бильд-редактор: Аружан Махсотова

«Қазақтелеком» АҚ 1 шілдеден бастап тарифтерді көтереді. Осыған орай Бәсекелекстікті қорғау және дамыту агенттігі компанияға ескерту жолдады.

«Қазақтелеком» АҚ 2024 жылғы 20 мамырында өзінің интернет-ресурсында 2024 жылғы 1 шілдеден бастап тарифтердің көтерілуі туралы ақпарат жариялады. Байланыс туралы заңнамаға сәйкес байланыс қызметтеріне тарифтерді байланыс операторлары тек негізделген шығындар бойынша белгілейді»,- делінген агенттік хабарламасында.

Атап айтқанда, «Қазақтелеком» үй интернеті қызметтерін, сондай-ақ ұялы байланысы бар пакеттік қызметтерді қамтитын тіркелген байланыс бойынша 51 мұрағаттық тарифтік жоспарға өзгерістер туралы хабарлаған болатын.

Осыған байланысты, БҚДА Кәсіпкерлік кодекстің 198-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзудың алдын алу мақсатында «Қазақтелеком» АҚ-ға қатысты заңнаманы бұзуға әкеп соғуы мүмкін іс-әрекеттер жасауға жол бермеу туралы алдын ала ескерту жолдаған.

Айта кетсек, 2024 жылғы 1 шілдеден бастап архивтегі тарифтік желінің кейбір тарифтік жоспарлары бойынша бағалардың көтерілетіні туралы хабарлады. 51 тарифтік жоспардың бағасы 5500 бен 11000 теңге аралығында бекітілген. Бұл бағалар үйдегі интернет пен ALTEL, Kcell тарифтеріне әсер етеді.

Бүгінде құрамына Tele2 және Kcell кіретін «Қазақтелеком» тобы отандық телекоммуникация нарығында басымдыққа ие. Тұрақты сегментте қосылған абоненттер саны бойынша ұлттық компанияның үлесі 70%-ға жеткен. Ал ұялы байланыс сегментінде 60%-дан асқан. Осыған байланысты нарықты демонополизациялау мақсатында «Қазақтелеком» компаниялар тобындағы ұялы байланыс операторларының бірін шығару шаралары жүргізілуде.

Ал сәуірде  депутат Елнұр Бейсенбаев 2023 жылы ұялы байланыс операторлары тарифті 60%-ға дейін көтеріп жібергенін айтқан болатын. Депутат әр ұялы байланыс операторының тарифтеріне жеке тоқталған. Атап айтқанда, 2023 жылдың сәуірінде Билайн «Яркий» тарифтік жоспарын 1790 теңгеден 2490 теңгеге дейін өсірген. Баға 39%-ға өскен. Кселл мен Теле2 тамыз айынан бастап әртүрлі тарифтік жоспарының өсетінін мәлімдеген. Солайша Кселл-дің «Реальный безлимит» тарифі 3390 теңгеден 4390 теңгеге артып, 29%-ға қымбаттаған. Ал Теле2 «Просто супер» тарифін 27%-ға көтеріп, 2590 теңгеден 3290 теңгеге өсірген.

Депутаттың айтуынша, Актив, Кселл операторлары тарифке 1 мың теңге қосқан. Ал арнайы әлеуметтік желілердегі интернетті лимитсіз қолдану үшін тағы 990 теңгеге көтерген. Солайша 3390 теңгелік тариф 5380 теңгеге дейін өсіп, 59 пайызға қымбаттай түскен. 

Сондай-ақ оқыңыз