Экономикалық көңіл-күй индикаторы 12%-ға төмендеген: кәсіпкерлер мен тұтынушылар әлі де жағдай жақсарады деп үміттенеді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
экономикалық
Тұтынушылардың экономикалық көңіл-күйі қандай? Фото: shutterstock.com

Қазақстандағы шағын және орта бизнестің экономикалық көңіл-күйі нашарлап, тұтынушылардың экономиканың тұрақтылығына деген сенімі азайған. Кәсіпкерлік кедергілердің артуы, кірістің азаюы мен экономикаға несие беру шарттарының нашарлағаны байқалады. Жалпы алғанда, экономикалық көңіл-күй индикаторы бір тоқсанда 12%-ға азайып, 24 пунктен 11 пунктке дейін төмендеді. United Research Technologies Group (URTG) зерттеу компаниясы ШОБ пен тұтынушылар арасында жүргізген зерттеу нәтижесі осындай.

URTG компаниясы кәсіпкерлер мен тұтынушылардың алдағы 2-3 айда ел экономикасы түрғысынан не күтетіні жайлы кезекті зерттеу нәтижесін жариялаған. Сауалнамаға экономиканың түрлі саласындағы 500-ден аса шағын және орта бизнес өкілі қатысқан. Сонымен қатар Freedom Finance Global жүргізген «Қазақстан тұтынушыларының сенімі» зерттеуінің мәліметтері, ҰБ деректері пайдаланылған.

Қазақстанда ШОБ қатары артып, бір тоқсанда 0,8%-ға өсіп, 2 миллионға жеткенімен, бірқатар салаларда қысқарғаны байқалады. Жеке шаруа қожалықтарының саны 3,5 мыңға қысқарған. Өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындардың саны да азайып келеді. (4,4 мың бірлікке, бұл жабылған ШОБ-тың 44% құрайды).

Есесіне жеке кәсіпкерлер қатары артып келеді(+16,3 мың). Әсіресе, көлік, қойма бизнесі және жылжымайтын мүлік саласында кәсіп бастағандардың қатары мол.

Шағын және орта кәсіпкерлер салық саясатындағы өзгерістер мен қаржы тартудағы қиындықтарға шағымданады. Несие алу қиындап кеткен. 2024 жылдың І тоқсанында ШОБ-қа берілген несие 1,3 есе азайып, 2,1 трлн теңгені құраған. Шағын кәсіпорындарға берілген несие көлемі қатты қысқарған. Өйткені олар үшін ұзақмерзімді қаржы орта бизнеспен салыстырғанда қымбатқа түседі: пайыздық мөлшерлемесі 24 пайыздан асып жығылады. Пайыздық мөлшерлеменің жоғарылығымен қоса, кәсіпкерлерің несие өтініштері көбіне кері қайтарылып жатады. Нәтижесінде несие алуға қатысты көңіл-күй 12 пайыздық тармаққа төмендеп, 43,2%-ды құрады. Былтыр төртінші тоқсанда бизнес кедергілер индексі күрт көтеріліп, 100 тармақтың шекті деңгейінен асып түскен болатын. Бірінші тоқсанда да бұл мәселе күрделі деңгейде қалған (+0,6%, 122,9 тармаққа дейін).

ШОБ өкілдері шығын көбейгенімен, өз қызметі мен өнімінің бағасын көтере алмай отырғандарын айтады. Қазірдің өзінде сатылым азайып бара жатқандықтан, бағаны көтере алмайды.

Бөлшек саудада тауар айналымы 1,5 есе (4 триллион теңгеге дейін), оның ішінде ШОБ саласында 1,6 есе, 3 трлн теңгеге дейін қысқарды. Көтерме сауда көлемі де 1,6 есе төмендеп, 8,6 триллион теңгені құрады. Дегенмен сатылымның төмендеуі – маусымдық құбылыс. Кәсіпкерлер екінші тоқсанда тұтынушылық сұраныс қалпына келеді деп үміттенеді.

Өз кезегінде, тұтынушылық көңіл-күй де аса мәз емес. Сауалнамаға қатысқан азаматтар өмір сүру сапасының төмендеп бара жатқанын айтқан. Оған қоса несие алу да қиындап барады. Нәтижесінде қазақстандықтардың ірі дүние сатып алуға шамасы жетпейді. Респонденттердің 50,8%-ы несиеге сенімсіздік білдірсе, үштен бір бөлігі депозиттерге сенім артады екен.

Алдағы уақытта несие алғысы келмейтіндердің қатары 0,9%-ға (77,7%-ға дейін) өскен. Нәтижесінде бірінші тоқсанда тұтынушылар сенімі (CCI индексі) пессимизм аймағына ауыса отырып, зерттеу кезеңінде күрт төмендеп, 99,7 тармақты құрады.

Тұтынушылардың пікірі бойынша, нақты инфляция мәні статистика деректерімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Қазақстандықтар елдегі инфляция 13 пайыздан асады деп есептейді. Ал ресми мәліметке сүйенсек, наурызда инфляция 9,1%-ды құраған. Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандар алдағы уақытта теңге бағамы тұрақты болады деп сенеді.

Жалпы, URTG сарапшыларының пікірінше, тұтынушылар мен ШОБ өкілдері пессимизге бой алдырды деп айтуға әлі ерте. Сауалнамаға қатысқандардың пікірі көңіл көншітерлік болмаса да, олардың болашаққа деген үміті бар. Алайда ШОБ пен тұтынушылар көңіл-күйінің өзгеруі елдегі елдегі экономикалық саясат пен кәсіпорындар үшін де, халық үшін де несие құнына байланысты болмақ.

Сондай-ақ оқыңыз