12 млн теңге қаражатты жымқырған: ҚТЖ-ның 4 қызметкері сотталды
ҚТЖ-ның Қостанайдағы бөлімшесінің жауапты 4 қызметкері бюджет қаражатынан 12 млн теңгені жымқырғаны үшін сотталды. Бұл жайлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Олар ҚТЖ дизель отынына және теміржол кранын жөндеуге бөлінген қаражатты жымқырды деп күдіктелген. Сот олардың 12 млн теңге қаражатты ұрлағанын анықтап, кінәлі деп таныған.
Агенттік хабарлауынша, Бейімбет Майлин ауданының соты «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС филиалының Қостанай пайдалану локомотив депосының лауазымды қызметкерлерін кінәлі деп таныған. Атап айтқанда, А.Махмутовқа, оның орынбасары Ж.Сырмановқа, жылу технигі Б.Серікұлына және «Қазақстан-ОЭК» СҮ» ЖШС Тобыл станциясының отын қоймасының бастығы К.Елюсиновқа қатысты сот үкімі шыққан. Оған сәйкес Махмұтов, Сырманов, Елюсинов 3 жылдан 4 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айырылған. Ал Серікұлына 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы қолданылған.
«Сонымен қатар, сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылады»,- делінген баспасөз хабарламасында.
Еске салсақ, 2023 жылдың наурызында Көлік прокуратурасы ҚТЖ филиалында 82 млн теңге жымқырылғанын анықтаған болатын. Ол кезде де Алматы көлік прокуратурасымен бухгалтерлік материалдарды зерделеу барысында «ҚТЖ-Жүк тасымалы»-«Алматы жүк тасымал бөлімшесі» филиалы лауазымды тұлғасының аса ірі мөлшерде ақша қаражатын ұрлау фактісі анықталған еді.
Ақпаратқа сәйкес, «К» есімді лауазымды тұлға, филиал қызметкерлері емес адамдардың банктік шоттарына 82 млн.теңгеден астам соманы аударған. Бұл ақшалай қаражатты қаскүнем өз қажеттіліктеріне жұмсаған.
Ол Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының 17.01.2023 жылғы үкімімен кінәлі деп танылған. Солайша 5 жыл мерзімге материалдық жауапты лауазымдарға орналасу құқығынан айырыла отырып, шартты түрде 7 жылға сотталған. Үкім заңды күшіне еніп, келтірілген материалдық залал толығымен өтелген.