Бес жылда Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы сауда көлемі 4 есе өсті
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Рашид Мередовті қабылдады.
Тоқаев түрікмен дипломатына ілтипат білдіре отырып, достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік рухында нығайып келе жатқан қазақ-түрікмен қатынастарының қазіргі жай-күйіне оң баға берді.
– Біз Түрікменстанды сенімді стратегиялық серіктес және тарихи тұрғыдан туыс мемлекет ретінде қарастырамыз. Шын мәнінде, соңғы жылдары елдеріміз арасындағы ынтымақтастық қарыштап дамып, соның ішінде экономиканың стратегиялық салалары тың қарқын алды, – деді Президент.
Кездесуде сауда-экономика, энергетика және көлік-логистика салаларындағы ірі жобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды. Сондай-ақ аталған жобаларды толықтай іске асыру маңызды екені атап өтілді.
Сол күні ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Рашид Мередовпен келіссөздер өткізді.
Келіссөз барысында кейінгі бес жылда Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы өзара сауда көлемі 4 есе өскені айтылды. 2023 жылы бұл көрсеткіш 28%-ға артып, 563 млн АҚШ долларына жетті.
«Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында екі ел арасындағы сауда көлемі 100 млн доллардан асты. Орын алып жатқан позитивті үрдістер өзара саудамызды 1 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі мемлекет басшыларының тапсырмасын жақын болашақта орындауға үлкен сенім ұялатады», – деп мәлімдеді СІМ министрі.
Тараптар транзит-көлік саласы бойынша оң нәтиже бар екенін атап өтті. «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржол магистралі бойынша былтыр жүк тасымалы 20%-ға артып, 1,3 млн тоннаны құрады.
Министрлер энергетика саласындағы ынтымақтастықтың елеулі әлеуеті, оның ішінде бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары туралы айтты. Осы бағытта өзара іс-қимылды дамытуға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Наурызда Түрікменстан Халық мәслихатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов Қазақстанға газ бен электр қуатын жеткізуге дайын екендігін айтқан еді. Қазіргі уақытта көршілес ел Өзбекстан мен Қырғызстанға электр энергиясын экспорттайды.