ҚМГ 2024 жылдың бірінші тоқсанында 6 млн тонна мұнай мен газ конденсатын өндірген

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы

ҚМГ былтырғы көрсеткіштен 1,7% артық мұнай мен газ конденсатын өндірген/Фото kursiv.media архивінен

2024 жылдың І тоқсанында ҚМГ 6 млн тоннадан аса мұнай және газ конденсатын өндірген. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңдегі көрсеткіштен 1,7% артық. Бұл туралы компания баспасөз қызметі хабарлады.

Операциялық активтердегі мұнай мен конденсат өндіру көлемі 2,2%-ға артып, 3,5 млн тоннаға жетті. Бұл өсімге былтыр қарашада Доңға кен орнының 60% үлесін сатып алу себеп болған.

Теңізде мұнай өндіру көлемі 2,1% ұлғайып, 1,5 млн тоннаны құрады. Есесіне Қашағандағы мұнай өндіру көлемі 1,7%-ға төмендеп, ҚМГ үлесіне 780 мың тоннаны құраған. Өндірістің төмендеуі ілеспе газды кері айдау және өңдеу қуатының шектеулі болуына байланысты.

Қарашығанақта мұнай мен конденсат өндіру көлемі 3,5% артып, 291 мың тоннаға жеткен.

2023 жылы геологиялық барлауға 135 млн доллар бөлген «ҚазМұнайГаз» 2024 жылы қаржы көлемін 40%-ға арттырмақ. Осылайша биыл «Самұрық-Қазынаның» еншілес ұйымы бұл салаға 191 млн доллар инвестиция салады.

Айта кетейік 2023 жылы Қаржы министрлігі Ұлттық қордың 1,3 трлн теңге қаражатына «ҚазМұнайГаздың» акцияларын сатып алды. Одан әрі ҚМГ иелігіндегі «Самұрық-Қазына» қоры Үкіметке салықты қосқанда 1,3 триллион теңге көлемінде дивиденд төледі. Бұл қаражат Қазақстан бюджетіне жіберілді.

Қаржы министрлігі бюджетті қаржыландыру үшін «ҚазМұнайГаз» акцияларын нарықтық емес шарттармен бұрынғыша сатып ала алады. Бұл туралы  ведомствоның «Курсивке» берген ресми жауабында айтылды.  

Сондай-ақ оқыңыз