40 млн теңге пара алған: Антикор ТЖМ-ның лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу аяқталғанын хабарлады

Жарияланды
ТЖМ-ның лауазымды тұлғалары жалпы көлемі 40 млн теңгеге жуық пара алған деп күдіктеледі / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Төтенше жағдайлар министрлігінің лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу аяқталғанын хабарлады.

Атап айтқанда, Антикор ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызметінің төрағасына, сонымен бірге Шымкент қаласы мен Жетісу облысы ТЖД бастықтарына қатысты тергеу жүргізген.

Министрліктің лауазымды тұлғалары жалпы сомасы 40 млн теңгедей пара алды деп күдіктеледі. Олар бұл қаражатты бизнес өкілінен жүйелі түрде алып отырған деген күдік бар.

Тергеу барысында сот күдіктілерді қамауда ұстау туралы шешім шығарған.

«Қылмыстық іс Ақмола гарнизонының әскери сотында қаралуда. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды»,– делінген баспасөз хабарламасында.

ТЖМ-дегі парақорлық

Еске сала кетсек, 2023 жылдың 19 шілдесінде Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Ізбасаров ұсталғаны туралы хабарлаған болатынбыз.  

Ал 20 шілде күні Антикор ТЖМ-ның лауазымды тұлғалары жемқорлық бойынша күдікке ілінгенін хабарлады. ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы, Шымкент қаласы ТЖД бастығының да парақорлығы әшкереленгені белгілі болды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің төрағасы Асхат Жұмағали 2023 жылдың тамызында брифинг өткізіп, ТЖМ-де сыбайлас жемқорлықтың 70%-ы бөлімше басшыларымен жасалғанын мәлімдеді.

Мекеме басшысының айтуынша, Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің әрбір екінші басшысы сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар жасайды. Оған дәлел соңғы 5 жылда азаматтық қорғау органдарында 150-ге жуық сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелген. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары еліміздің барлық өңірінде тіркелген. Мұндай қылмыстар, әсіресе, Алматы, Астана, Шымкент секілді ірі қалаларда, Қостанай және Алматы облыстарында жиі жасалады.

Анықталған қылмыстардың ішінде парақорлық пен жымқыру фактілері басым.
«Заңсыз сыйақы» өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тексеру актісіне қол қою кезінде, оқудан өткізу, рұқсат беру және жұмысқа орналасу үшін беріліп отырған.

Сондай-ақ оқыңыз