Жасанды интеллект жасаған блогерлер: шын инфлюенсерлерге бұдан қауіп бар ма?
Кейінгі кездері жасанды интеллект арқылы генерация жасалған виртуал инфлюенсер көбейіп келеді. Яғни дижитал блогерлер шын өмірде болмаса да, әлеуметтік желіде парақша жүргізіп, тіпті келелі мәселелерді қозғайды. Ол аз десеңіз, әлемдік брендтермен келісімшарттар жасасып, жарнамадан қыруар ақша табатындар бар.
Виртуал инфлюенсер
Айтана Лопес. Қызғылт шашты виртуал блогердің Instagram-да 317 мың фоллоуері бар. Fit_aitana нигімен тіркелген ол профайлына жасанды интеллект арқылы жасалғанын жазып қойған. Ол Victoria’s Secret іш киімдерін, Olaplex косметикаларын және өзге де әлемдік брендтерді жарнамалайды.
Financial Times ақпаратына сүйенсек, оның әлеуметтік желідегі бір посты 1 мың доллар тұрады екен. Айтана деген образ да, лақап ат та емес. Ол — кәдімгі виртуал инфлюенсер. Әрі мұндай дижитал блогер қазір көп. Танымал брендтердің өнімдерін жарнамалайтындардың қатарында Ким Кардашьянның KKW Beauty деген косметикасын таныстыратын — Нунуюри, Louis Vuitton жарнама беретін Имма, H&M-мен келісімшарт жасасқан Куки сынды блогерлер бар.
Жасанды интеллект арқылы контент жасайтындар қарқыны өте қатты күшейіп жатыр. Valuates аналитикалық порталының дерегі бойынша, 2022 жылы нарықтағы құны 1,4 миллиард долларға бағаланған болса, 2029 жылға қарай 5,9 миллиард долларға баруы ықтимал. Ал виртуал блогерлер осы нарықтың «қаймағы» десек болады. Әрмен қарай ұлғая беруіне де себеп көп. Соның ішінде жарнама берушілер тарапынан ұсыныстың көп болып, аудиторияның да қызығушылығы жоғары болуы — басты факторлардың бірі.
Жоғарыда Кукидің H&M-мен келісімшарт жасасқанын айттық. Бізге белгілі анализіне көз жүгіртсек, виртуал инфлюенсердің қатысымен жасалған жарнама шынайы инфлюенсерлермен салыстырғанда,11 есе көп ауқым алған екен. Billion Dollar Boy-дың маркетиң және инновациялар жөніндегі жаһандық директоры, бұрын Meta-да инновация бөлімінде басшы болған Бекки Оуен бұған қатысты былай деген екен: «Мұндай постар брендтің тауарларын шын блогерлер жарнамалағандай көп сатылуына әсер етпейді. Бірақ компанияның таныла түсуіне, есте қалуына әсер етеді».
Виртуал блогерге деген көзқарас
Виртуал блогермен бірлесіп жұмыс істейтін компания көбейгенімен, кейбірі мұны онша ұнатпайды. Мысалы, алпауыт VMLY&R жарнама агенттігінің инновациялар жөніндегі директоры Брайан Ямада инфлюенсерлермен жұмыс істегенде бәрібір адами қарым-қатынастың керек екенін айтады. Яғни блогер мен оның аудиториясының арасындағы байланыс маңыздырақ деседі. «Түрін он жерден адамға ұқсатқанымен, виртуал инфлюенсерлер адам бола алмайды. Реал блогерлер секілді аудиториямен қарым-қатынас құра алмайды. Бәлкім, бұл жаңа нәрсе деп қарауға болатын шығар. Бірақ әзірге аудиториясымен шынайы инфлюенсерлер секілді жақын араласатын бірде-бір кейіпкерді білмейді екем. Мәдени жағынан алып қарағанда олар соншалықты қызық болады деп ойламаймын. Брендтер мәдениет қайда болса, сол жақтан табылуға тырысады», — дейді Collectively маркетиң агенттігінің инновациялар жөніндегі директоры Натали Сильверштейн.
Виртуал инфлюенсер жасайтындар не дейді?
Мұндай пікірмен виртуал блогерлер жасайтындар келісе бермейді. Мысалы, Айтананы жасап шығарған барселоналық The Clueless агенттігінің негізін қалаушылардың бірі Диана Нуньес Financial Times-қа берген сұхбатында былай деген: «Инфлюенсерлердің айтып жүрген толағай табысы туралы естігенде таңғалдық. Сөйтіп ойлана келе, сондай инфлюенсерді өзіміз жасап шығарсақ қалай болады дедік. Осылайша әдемі кейіпкерді ойлап таптық».
Расында виртуал блогерлер өте әдемі, сұңғыла бойлы, қас-кірпігі қиылған, хас сұлу. Дене бітімінде бір мін жоқ Айтананың іш киімдерді жарнамалағанында көпшілік таңдай қаққан. Десе де, идеал қалыпты көрсету арқылы ақша тапқан жақсы емес деп ойлайтын блогерлер бар. «Виртуал инфлюенсерлерді жасайтын ер адамдар әйелдердің дене бітімін идеал қылып шығарып, содан пайда көріп отырғаны жөн емес. Әйелдің әдемі мүсінін осы мақсатта пайдалануға болмайды», – дейді 2 миллионнан астам оқырманы бар блогер Даная Мерсер бір сұхбатында.
Өтірік образдарды көрсетіп қана қоймай, кей бағдарламалаушылар блогтың жасанды интеллект арқылы жасалған кейіпкердің жүргізетінін айтпайды екен. Яғни қайсысы фейк, қайсысы шын екенін ажырату расында қиындап кетті. Жалпы бұл мәселе саяси деңгейде де біраз көтерілді. Ұлыбританияның жарнама стандарттары агенттігі виртуал инфлюенсерлердің саны өте қатты өсіп жатқанын білетінін, бірақ әзірге елде жасанды интеллект арқылы жасалғанын көрсетуді міндеттейтін ереже жоғын айтқан. Ал Үндістанда жағдай сәл басқаша. Ол жақта инфлюенсерлерге өзі жайлы шын ақпарат көрсету міндеттелген.
Адамдардың қалауы қайсы?
Блогердің жасанды интеллект арқылы генерацияланғанын The Clueless ашық жазады дедік. Хештегтерінде де #aimodel деп көрсетеді. Бірақ аудиторияның барлығы дерлік оның шынайы адам емесін біле бермейді. Өмірде бар адам деп ойлайтындар қаншама?! Мысалы Isntagram–да 158 мың фоллоулері бар Милла София деген блогерді алып қарайық. Ол профайлына «Хельсинкиде тұратын 24 жастағы виртуал қыз» деп жазып қойған. Астына жасанды интеллект арқылы жасалғанын да көрсеткен. Оның жағажайда, қаланың көрікті жерлерінде тұрып түскен суреттеріне мыңдаған лайк басылып, жүздеген пікір жазылады. Оның Youtube-арнасы, жеке сайты, patreon-да аккаунты бар. Сайтында өзі туралы қысқаша ақпарат берген. Қай жерлерде модель ретінде жарнамалағанын, қай басылымдар ол туралы жазғанын, жиі қойылатын сұрақтарға жауапты да сайттан табуға болады. Ал патреон арқылы инфлюенсер жұмысына қолдау білдіру мүмкіндігі бар.
Аудитория алаңдамайды…
Блог жүргізуге әркім тырысып бағады. Десек те, аудитория олардың шынайы адам емес, генерацияланған кейіпкер екенін біле бермей, түрлі ұсыныс жасап, көріскісі келетіні қызық. Жасанды интеллект арқылы мәтін жазу, сурет өңдеу, визуал жасау сынды нарыққа дижитал блогерлердің қосылғаны да көпшілік күтпеген нәрсе болса керек. Тіпті қазір дипфейк-порно да белең алып келеді. Осы тұрғыдан алғанда бұл қарқынның қатты болғаны да аздап қорқынышты.
Мысалы, біз блогерлерге жазылған кезде, оның өмір салтына қызығып, бақылағымыз келеді. Ал ботқа жазылғанның мәні неде? Қатты боялып, құралған суреттердің қандай пайдасы бар? Хельсинкиде деп болсын, Астанада деп болсын салынған визуалды жазбалар бәрібір шынайы емесі көрініп тұрады. Негізі суреттер генераторлары жалпыға ортақ визуал деректер арқылы үйретілген. Сондықтан жаңадан жасалған кейіпкер бәрібір өмірде бар блогерлерді қайталап, сәл ғана түрлендіретін болса керек. Осы тұрғыда авторлық құқық мәселесіне келгенде де қиындық туады. Өйткені кей аккаунтар бетті өзгертетін қолданбаларды пайдаланып, видеоға инфлюенсерлердің түрін салып қояды. Ондайда авторлық құқықты көрсетпейтіндер аз емес.
«Жасанды» блогерлердің табысы қандай?
Жасанды интеллект арқылы генерацияланған тревел-блогер Лили Рэйн қазір айына 20 мың долларға жуық табыс табады. Бұл туралы британиялық Daily Star жазған еді. Лилиге жазылып, сол жазылғаны үшін ақы төлейтін Fanvue деген платформа бар. Блогер осылай ақша табады екен. Туристік жерлерден суреттер де, ашық-шашық суреттер де бар. Оқырман соған ақша төлеуге дайын. Соған қарағанда, көпшілікке қызықтап, қараған ғана маңызды секілді. Ол адамның өмірде бар-жоғы алаңдатпаса керек. Лилидің жасап шығарғандардың сөзіне сүйенсек, жасанды интеллек модель Лилиге қарағанда шын тревел-блогер қыздардың танымалдығы жоғары. Бірақ шын блогерлерге саяхатқа шығу үшін көп қаражат керек. Макияж, киім, шаш деген мәселе тағы бар.
Блогерлерден бөлек, кейінгі кездері дижитал стримерлер де пайда болған. Мысалы, қытайлық Xiaoice компаниясы нейрон желісі арқылы танымал блогерлердің имитациясын жасайтын жасанды стримерлерді ойлап тапқан. Олар TikTok немесе Twitch сияқты танымал сервистерде эфирге шығып отырады. Шығып қана қоймай, тауарларды онлайн сатумен айналысады. Мұның жаман тұсы — шын адамдардың жұмысын тартып алатыны. Мысалы блогерлердің дижитал көшірмесін 1100 долларға жасап алып, тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн тоқтаусыз стримге шығарып қоюға болады. Бұл компанияларға өте тиімді. Өйткені дижитал стример ұйықтамайды, тамақ ішпейді, киіндіріп, бет-аузын әрлеп әуре болмайсыз.
Дижитал стримерлер дәуірі
Мұндай онлайн-стрим арқылы тауар сату тренді биыл ғана пайда болған жоқ. Бірақ басқаларға қарағанда Қытайда бұл тәсіл аса өтімді. Мысалы, 2017 жыл мен 2020 жыл аралығында осы тікелей эфир механизмі арқылы TikTok пен Twitch-тің жергілікті баламалары арқылы жасалған сауда 60 есе өсіп, 190 миллиард долларға жетіп барған. Сүйікті блогерлерінің жасаған жарнамасына қарап отырып елдің әрбір төртінші тұрғыны сатып ала береді екен. Бұған пандемия да қатты әсер еткен деседі. Себебі Covid-19 кезінде келісімдер аспандап кеткен екен. iResearch зерттеу компаниясының деректеріне сүйенсек, 2020 жылы тікелей трансляцияны тамашалап отырған көрермен саны сегіз есе көбейіп, 500 миллион адамға жеткен көрінеді. Аталған зерттеу компаниясы жүргізген сауалнама деректеріне көз жүгіртсек, 2022 жылы Қытай Халық Республикасындағы компаниялардың 70 пайызға жуығы сауда жасау үшін тікелей эфир қолданады екен. Олардың ішінде 49 пайызы трансляцияны бір жыл бұрынғыға қарағанда арттырған.
Тоқтамай стрим жүргізетіндер
Кейінгі кездері Taobao, Douyin, Kuaishou және осы сынды басқа да танымал электрон коммерция сервистерінде тоқтамай стрим жүргізетіндер көбейген. Бұлар да — әлгі біз айтқан клондар. Сағатқа қарамастан таңғы төртте де жүргізе береді. Адамдар ұйықтап жатқанына қарамастан тауар сатып, қызметін жалғастырады. Кейбірі олардың дижитал көшірме екенін білмейді. Бірақ анықтап мән беріп қарайтын болсаңыз, қимыл-әрекеттері, артикуляциясы жасанды екенін байқауға болады. Бұлар — нейрон желісі арқылы шын адамдардың жасалған клоны. 2017 жылы Нанкинде негізі қаланған Silicon Intelligence деген стартап бар. Ол мәтінді аудиоға айналдырумен айналысып бастаған.
Компанияның негізін қалаан Сима Хуапенг жасанды интеллектінің тікелей эфир жүргізуге қолдануға болатын әлеуетін байқап, идеяны іске асырып көрмек болады. Басында тірі адам сияқты қозғалып, сөйлей алатын аватарды жасауға жарты сағаттай үйрететін роликтер керек болатын. Ал араға бір жыл салғанда нейрон желісін оқытуға керек видеолардың хронометражы 10 минутқа дейін қысқарған. Қазір тіпті бір минут та жеткілікті. Сонымен бірге өндіріс те арзандаған. Бүгінде дижитал клонды жасауға бірнеше мың доллар болса болды. Осы соманың ішіне модельдің бір жылдық техникалық қызметі де кіреді. Осылайша көшірме жасап алып, виртуал қызметкер арқылы брендтің заттарын 24/7 таныстырып, сата беруге боады. Бар болғаны бренд қызметкерлері аватар жасалған соң атауы мен тауарлардың бағасын айтып берсе болғаны. Сондай-ақ, инфлюенсерге трансляция жүргізуге қатысты сценарий әзірлеп беруіңіз керек.