Орталық банктердің цифрлық валютасы дегеніміз не және олардың қарапайым адамдарға әсері қандай?
Әлемдік орталық банктер цифрлы валюта (CBDC) шығаруға ден қоя бастады. Бұл, әрине, белгілі бір қажеттіліктен туындаған қадам. Қатарда Қазақстан да бар. Былтыр Ұлттық банк ресми түрде цифрлы теңгені таныстырған болатын.
CBDC дегеніміз не?
Алдымен цифрлы валютаның мәні мен мағынасына тоқталып өтелік. Бұл – орталық банк шығаратын цифрлы ақша, бірақ қандай да бір криптовалюта емес және қолма-қол төлемді ауыстырмайды.
CBDC қаржылық қол жетімділіктің әлеуетті артықшылықтарын ұсынады. Бірақ Дүниежүзілік экономикалық форумның цифрлық валютаны басқару консорциумының бірқатар ресми құжатында атап өтілгендей, ескеру қажет мәселелер бар.
«Үкіметтер мен орталық банктер CBDC-ге деген қоғамдық сенімді нығайту үшін цифрлық валюталардың ықтимал артықшылықтары мен тәуекелдеріне ашық және адал болуы керек. Ғасырлар бойы ақша түрлі формада көрініс тауып келді. Шын мәнінде, ол формаларды әркез ақша мағынасына лайық болды деп айту да қиын. Қағаз ақша өмірге келмей тұрып, металл кесінділері түріндегі түрлі тауарлар айырбас құралы ретінде жүрді. Біртіндеп қағаз ақша қолданысқа енді. Ал енді келесі эволюциялық қадам орталық банктердің цифрлы валютасы болуы бек мүмкін. Қазіргі таңда 11 ел цифрлы валютаны енгізді. Тағы 21 ел қанатқақты жоба ретінде жүзеге асырып жатыр. 79 компания цифрлы валютаны әзірлеп және зерттеп жатыр»,– делінеді Дүниежүзілік экономикалық форум сарапшыларының мәлімдемесінде.
Harvard Business Review дерегінше, айналымда жүрген ақшаның 90 %-дан астамы қазірдің өзінде цифрлы деп есептеледі. Өйткені пандемиядан кейін қолма-қол ақшаның пайдаланылуы күрт азайып кетті.
«CBDC әлемінде виртуалды валютаның әрбір бірлігінің цифрлық коды цифрлық әмиянда сақталады және әмиян иесі басқа адамдардың цифрлық әмияндарына үздіксіз тасымалдай алады»,– дейді Harvard Business Review.
Қалай болғанда да цифрлық валютаны криптовалютамен шатастыруға болмайды. Өйткені оны орталық банк шығарады. Ал биткойн секілді валюталар – жеке адамдар шығарған монета. Демек цифрлық валютаны қолдайтын үкімет-эмитент бар, соның арқасында CBDC құны тұрақты болады, айнымайды.
Неліктен мемлекеттер цифрлық валюта шығарғысы келеді?
Қолданыстағы қаржы жүйесін жаңарту және CBDC енгізу арқылы мемлекеттер бірқатар артықшылыққа ие болуы мүмкін. Бірінші кезекте, CBDC транзакциялық тежелу мен уақытты қысқартады деп күтіледі. Дүниежүзілік банк мәліметі бойынша, мигранттар өз еліндегі туыстарына ақша жіберген кезде олардан транзакция үшін орта есеппен 6,25 пайыз көлемінде комиссия ұсталады. Бұл дамушы елдер экономикасына маңызды қолдау көрсете алатын ақша аударымдарына үлкен залалын тигізеді. Халықаралық есеп айырысу банкінің (BIS) дерегі бойынша, CBDC ақша аударымдары операторларының қажеттілігін жою арқылы трансшекаралық транзакцияға жұмсалатын шығындарды азайтуға сеп болады.
CBDC сонымен бірге трансшекаралық транзакцияларды жеделдете алады. Әдетте халықаралық төлемдер бір-екі күн уақытты алады, кейбірі бес жұмыс күніне дейін созылады. CBDC арқасында цифрлық төлемдер тәуліктің кез келген сәтінде бірнеше секунд ішінде атқарылмақ.
Bis зерттеулері көрсеткендей, жедел халықаралық төлемдерді қамтамасыз ете алатын жүйелер қазірдің өзінде жасалып жатыр деген қарсы дәлел де айтылып қалады. Дегенмен SWIFT төлем провайдерінің мәліметінше, қазіргі нақты уақыттағы төлем әдістері бүкіл әлемде біртіндеп дамып келе жатқан көптеген стандартталмаған төлем жүйелеріне байланысты өзара әрекеттесу мәселелеріне тап болады.
CBDC төтенше жағдайлар кезінде адамдардың ақшаға қолжетімділік алуына көмектесуі мүмкін екен. Әлемде CBDC-ні қабылдаған алғашқы ел – Багам Аралдары. Олар 2020 жылы Sand Dollar-ды айналымға жіберді. Сол арқылы 700 аралда тұратын, бірқатарына банкомат пен банк қызметі шектеулі түрде ұсынылатын азаматтары үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыруды қалаған.
«Біз Орталық банктің цифрлық валютасын құру идеясынан бастаған жоқпыз. Біз транзакцияларды жүргізу үшін депозиттік шоттың немесе мобильді әмиян шотының баламасына қол жеткізе алатын адамдар үшін мүмкіндігінше көп кедергілерді жоюға назар аудардық»,– дейді Багам аралдарының Орталық банкінің басқарушысы Джон Ролле.
Құм доллары Багам аралдары тарихтағы ең ауыр табиғи апат – Дориан дауылынан аман қалғаннан кейін көп ұзамай пайда болды. Үкімет цифрлық валюталарды банк филиалдары немесе банкоматтар бүлінген немесе қолжетімсіз болуы мүмкін оқиғалардан кейін азаматтарға дереу қаржылық көмек көрсету тәсілі ретінде қарастырды.
Цифрлық валюта қаржыға қолжеткізуді күшейтеді
Цифрлық валюта қаржылық қолжетімділікті күшейтеді деген де пайым бар. Нигерия үкіметі, сірә, осы пайымға сүйенген сияқты. Өйткені ел тұрғындарының басым бөлігінде банктік шот жоқ. Үкімет 2021 жылы цифрлық валютаны таныстырды. Дүниежүзілік банк мәліметі бойынша, қаржылық инклюзияның артықшылықтары кедейлікті жоюға, жұмыс орындарын құруға, гендерлік теңдікті жақсартуға және денсаулық стандарттарын көтеруге көмектеседі.
Дүниежүзілік экономикалық форум дерегінше, Үндістанның ауылдық жерлерінде адамдарды банк жүйесіне тарту әрекеттерінің арқасында кедейлік деңгейі айтарлықтай төмендеді. Малавидегі фермерлер үшін қаржылық ресурстарға жақсырақ қолжетімділік оларға құрал-жабдыққа инвестиция салуға көмектеседі. Бұл олардың өнімділігін және ауыл шаруашылығы дақылдарының әлеуетті кірісін бестен астамға арттырады.
Адамдарға қаржылық қызметтерге қол жетімділікті қамтамасыз ету БҰҰ белгілеп отырған Тұрақты даму мақсаттарына жетудің кілті ретінде қарастырылады. CBDC қаржылық қолжетімділікті өзгерте алады. Өйткені оларды тікелей ұялы телефон арқылы пайдалануға болады. Бұл бүкіл әлем бойынша банктік шотқа емес, ұялы телефонға қол жеткізе алатын 600 миллионнан астам адамға пайда әкелуі мүмкін.
Сондай-ақ CBDC-ның қылмыстық әрекеттерге де қарсы тұру қабілеті бар. BIS дерегінше, цифрлық валюта цифрлық жазбалар мен іздерді анықтауға мүмкіндік береді. Бұл терроризмді қаржыландыру үшін пайдаланылатын ақша ағындарын тоқтатуды жеңілдетуі мүмкін. Дегенмен CBDC-тің қосымша қадағалануы мұндай транзакцияларды ресми банк жүйелерінен алшақтатып, қылмыскерлердің ережелерді айналып өтудің басқа жолдарын іздеуіне әкелуі мүмкін деген де пікір бар.
CBDC туралы айтылғанда қауіпсіздік, жеке деректердің қорғалуы мәселесін де аттап өтпейміз.
«Бұл біздің цифрлық әлемде деректерді қорғау және интернеттегі құпиялылық мәселелерінің артуын ескере отырып, негізделген алаңдаушылық. Бүкіл әлемдегі үкіметтер осы мәселелерді шешу үшін жаңа заңнаманы қабылдағандай, олар құпиялылықты арттыратын технологияларды мәжбүрлеп пайдалану және тұтынушыларды қорғауды қамтамасыз ету сияқты CBDC ережелерін енгізуі керек. Жеке деректерді құпия қаржылық ақпаратты цифрландыруға байланысты киберқауіпсіздік тәуекелдерінен қорғау үшін де осындай ережелер қажет болады. Қазірдің өзінде Еуропа орталық банкі, басқа да банктер CBDC анонимділігін қалай қамтамасыз ету қажет деген мәселеге бас қатырып жатыр»,– дейді форум мамандары.
Еуропа орталық банкінің мәлімдеуінше, әлі күнге «цифрлық валютаны шығару керек пе, жоқ па» деген мәселе саяси сауал болып қала береді. Бірақ бұл сұраққа жауап беру үшін цифрлық валюта ие болуы мүмкін әр алуан нақты конструктивті ерекшеліктерді терең түсіну керек.
CBDC-ге деген сенім
Әр заманда, әр ақша формасы ауысқан сайын адамдардың оған сенім артуы үшін белгілі бір мерзім қажет болды. Адамдар тауарларды бір-біріне тікелей айырбастайтын жүйеден осы тауарлардың құнының көрсеткіші болып саналатын жүйеге өту үшін үлкен секірісті қажет етті. Адамдар осыдан он жыл бұрын контактісіз жүзеге асырылатын карта төлемдеріне күмәнмен қарайтын. Бірақ бірте-бірте оған да үйренді. Тіпті бұрын-соңды дәл мұндай қауіпсіздікте болмағандарын мойындады.
Сол себепті, цифрлық валютаға сену үшін де уақыт керек. Егер үкіметтер мен орталық банктер цифрлық валютаға қатысты туындайтын тәуекелдер мен әлеуетті басымдық қатынасына мейлінше ашық әрі әділ болса, онда сенім пайда болады және нығая түседі. Сенімнің күшеюіне халықаралық реттеу мен ынтымақтастық та үлкен пайда әкеледі.
«Сенімді қалыптастырудың тағы бір маңызды қадамы – CBDC туралы дәл және қолжетімді ақпаратты қамтамасыз ету. Білім және хабардар болу осы тақырып бойынша кез келген жалған ақпаратқа қарсы тұру үшін, сондай-ақ болашақ CBDC-ге сенім мен қабылдауды ынталандыру үшін маңызды болады. Адамдар ақшаға сенді, өйткені ол тек жұмыс істеп қана қоймай, адамдардың өмірін жеңілдетіп, жақсартты. CBDC де дәл солай жасай алатындығын дәлелдеуі керек»,– дейді халықаралық сарапшылар.
Қазақстан тәжірибесі қандай?
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақстан цифрлық валютаны кезең-кезеңімен енгізіп жатыр. «Цифрлық теңге» жобасының жетекшісі Дина Балкинаның айтуынша, цифрлық теңге көмегімен интернет жоқ кезде де төлем жасай беруге болады. Ақшаның бұл түрі токен түрінде ұсынылып отыр.
«Иелері банктердің және төлем жүйелерінің мобильдік қосымшалары, банк карталары, NFC, QR және басқа да тәсілдер арқылы шоттар аша алады, төлей алады, аудара алады және цифрлық теңгемен өзге де операциялар жасай алады. Криптовалюталардан айырмашылығы – цифрлық теңгенің эмитенті бар, яғни оны шығаратын және осы валюта бойынша міндеттемелері бар ұйым. Криптовалютаның эмиссиясы майнинг өндірісі арқылы жүреді және толығымен орталықтандырылмаған, оған кез келген адам қатыса алады. Қазақстанның Ұлттық Банкі цифрлық теңгенің эмитенті болып саналады, ол төлем айналымының барлық қатысушысының мүддесі үшін оның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Қаражат иелері кез келген уақытта өз шоттарындағы ақшаны қолма-қол ақшасыз формадан цифрлық формаға, ал цифрлық формадан қолма-қол ақшасыз немесе қолма-қол ақшаға айырбастай алады. Барлық операцияларды қолданыстағы төлем инфрақұрылымы арқылы жүзеге асыруға болады», –дейді.
Мемлекеттік сатып алу үшін таңбаланған құралдар тетігін пайдалану жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру 2024 жылға жоспарланған. Толық функционалы бар өнеркәсіптік пайдалануға енгізу 2025 жылға жоспарланған.
Расын айту керек, қолма-қол ақша тұтынушылар қажетін өтеуден қалып барады. Осыдан он жыл бұрын 15 млн карта айналымда болса, қазір олардың саны 73 миллионнан асып отыр. 2023 жылдың тоғыз айында қолма-қолсыз жасалған төлем көлемі 114,7 трлн теңгені құраған. Енді нарыққа цифрлық валютаның келуі онлайн транзакция үлесін одан әрі күшейтері сөзсіз.