"Жасыл даму" АҚ утильалымнан жиналған қаржының 200 млрд теңгесін қоқыс өңдеу жобаларына жұмсамақ - Экология вице министрі

Жарияланды
Бүгінде оның 111 млрд теңгесіне тиісті жобалар әзірленген / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

 Утильалымнан жиналған қаржыға еліміздің бірнеше өңірінде қалдықтарды қайта өңдеу зауыттары салынады.  Бұл үшін «Жасыл даму» АҚ 200 млрд теңге көлемінде қаржы бөледі. Бұл ақша зауыттан бөлек қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеу технологияларын енгізуге, қалдықтармен айналысатын ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жетілдіруге жұмсалады. Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев осылай деп мәлім етті.  

Вице-министр бүгінде қоғамда утильалымға қатысты үлкен дау жүріп жатқанын атап өтті.   

«Халық қазір утильалым ақшасы қайда кетіп жатқанын білмей жатыр. Утильалымды алып тастау керек деп наразылықтарын да білдіруде. Негізі қалай болса да ол көлік құрылысы саласын дамытуға, елдің экономика және локализация мәселелерін шешуі тиіс»,- деді ол.

Мансұр Ошурбаев «Жасыл даму» АҚ  есепшотындағы қаржының мақсатты жұмсалуына қатысты да түсініктеме берді. Айтуынша утильалымнан бөлек, басқа да маңызды жобалар назардан тыс қалмауы керек. Бүгінде қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі.

«Өткен жылы да, биыл жыл басында да Мемлекет басшысы мен Премьер-Министр қалдық өнеркәсібінің мәселесі елімізде ақсап тұрғанын айтқан еді.  Негізінен заңсыз қоқыс полигондарын жинау үшін жергілікті бюджеттен жыл сайын ақша бөлініп жатыр. Елді-мекендердің шетінде қоқыс алаңдары жетіп артылады. Айта кетейік Цифрлық даму және аэроғарыш  министрлігіне қарасты «Қазақстан ғарыш сапар» АҚ Ұлттық компаниясы бар. Олар ғарыштан түсірілім жасап, жыл сайын қанша қоқыс полигондары бар соның ақпаратын беріп отырады. Ол ақпараттарды біз әкімдіктерге жібереміз.   Тиісінше билік тарапы бюджеттен ақша бөліп қоқыстарды жинап отырады.  Негізінен ондай қоқыс орындары болмауы тиіс. Бұл мәселені министріміз Үкіметке жеткізді. Оған  қажетті қаржы бөлінді»,-деді вице-министр.

Жыл басында қоқысты қайта өңдеу жобаларын іске асыруға 200 млрд теңге бөлінген. Бүгінде оның 111 млрд теңгесіне тиісті жобалар әзірленген. Оның 55 млрд мөлшеріндегі қаржыға 5-6 жоба мақұлданған.

«Өңірлерге барсаң қоқыс тасымалдайтын әлі сол 80-90 жылдардағы көліктер.  Енді әкімдіктерге тапсырма берілді. Олар инвесторлар табуы керек.  Инвесторда жоба құнының 20 пайызы болса жеткілікті. Қалған 80 пайызы «Жасыл даму» АҚ  төленеді.  Жоба бағдарламасы бойынша барлық өңірлерде  қоқыс өңдейтін зауыттар салынуы керек»,-деп түсіндірді Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев.

Спикер атап өткендей, елімізде қайталама шикізат жоқтың қасы. Ал мұны өндіру – кәсіптің бір түрі екенін айтады.

«Қазір бізде осы бағыт бойынша «Экоқолдау» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Көлігі бар, бірақ жұмысы жоқ қарапайым тұрғынның қоқыс сұрыптаушы, қоқыс жеткізуші әрі қоқыс өңдеуші ретінде жұмыс істеу мүмкіндігі бар. Айтып өткенімдей бес аймақта инвесторлар табылып, қоқыс сұрыптау және оны өңдеумен айналысатын зауыттар салынғалы жатыр. Барлық аймақта сондай зауыттар салынса, бізде қайталама шикізат көлемі арта түспек. Біз Еуропа мемлекеттеріндегі қоқысты сұрыптау ісіне қарап, таңғаламыз. Олардан біздің қай жеріміз кем? Біз де солай істей аламыз. Үш жылдың ішінде зауыттар толығымен салынса, барлығы жақсы болады деп сенеміз» – дейді вице-министр.

Еске салсақ, осыған дейін Экология министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанда жалпы құны 170 млрд теңгеден асатын 37 қоқыс өңдеу зауыты салынатынын мәлімдеген еді.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда министрлік 45 жобаны пысықтаған.

«Оның 37-сі жаңа зауыттың құрылысы болса, 8-і жұмыс істеп тұрған зауыттардың қуаттылығын арттыруды көздейді. Жобалардың жалпы қуаттылығы жылына 1,2 млн тоннадан асады. Ал құны – 171,6 млрд тенге болады. Оның ішінде жеке инвестициялардың көлемі 34,3  млрд теңгені құрайды», – деді министр.

Министр жобаларды жүзеге асыру қалдықтарды қайта өңдеу көлемін жылына 1,5 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік беретінін айтады. Сонымен бірге Экология министрі қалдықтарды сұрыптау бойынша да шаралар қолға алынғанын, айтап айтқанда, сұрыптау желілерін салу (19) және жаңғырту (2) бойынша өңірлермен 21 жоба пысықталғанын айтты. Бұлардың қуаттылығы жылына 3 млн тонна, ал құны 49,2 млрд теңгеден асады. Оған құйылатын жеке инвестициялар көлемі 10 млрд теңгені құраған.

Сондай-ақ оқыңыз