«Қазатомөнеркәсіптің» І тоқсандағы қаржы көрсеткіштері қандай?

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының 2024 жылдың І тоқсандағы жиынтық табысы 92,3 млрд теңгені құраған. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,4 пайызға кем. Атом компаниясы былтыр І тоқсанда 108,7 млрд теңге жиынтық табыс тапқан. Компания 2024 жылдың І тоқсанындағы қаржы нәтижесін шығарды.

Ұлттық атом компаниясы І тоқсандағы қаржы көрсеткіштеріне уран сату көлемі әсер еткенін атап көрсетеді. Жыл басындағы 3 айда табиғи уранды сату көлемі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 55%-ға азайған. Оған тұтынушылардан түсетін сұранысты жеткізу мерзімі мен жалпы 2024 жылы сату болжамының төмендеуі себеп. Сатылым көлемі әр тоқсан сайын айтарлықтай өзгеріп отырады.

Есесіне биыл І тоқсанда уран бағасы 2023 жылмен салыстырғанда айтарлықтай қымбаттаған. 2023 жылдың басында уранның спот бағасы 46,75 долларды құраса, биыл 62,53 долларға жеткен. Топтың ағымдағы келісімшарт портфелі уранның спот бағасымен корреляцияланады, алайда, 2024 жылдың бірінші тоқсанында кейбір жеткізілімдер тіркелген бағамен сатылған. Нәтижесінде 2024 жылдың бірінші тоқсанындағы топтың орташа сату бағасының өсімі уранның спот бағасы өсімінен төмен қалыптасқан.

Топ 2024 жылы «Тайқоңыр» қышқыл зауытын өз иелігінен шығарды. Қуаты 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін «Taiqonyr Qyshqyl Zauyty» еншілес кәсіпорнын 2023 жылы сәуірде құрған болатын. Оның құрылысы 2024 жылы басталып, 2026 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған еді. Оған 49% үлеспен «Қазатомөнеркәсіп», 25% үлеспен РУ-6, 26% үлеспен «Қазатомөнеркәсіп-СаУран» компаниясының кәсіпорындары иелік ететіні хабарланды.

Сонымен қатар компания жыл басынан «Будёновское» БК» ЖШС-ні толық бақылауына алған. Осылайша компания топтың еншілес ұйымына айналған. Алайда кәсіпорындағы үлесі 51 пайыз көлемінде қалған. Топ бұл бизнестің әділ бағасын жыл соңына дейін шығармақ.

Қазатомөнеркәсіп – табиғи уран өндіретін әлемдегі ең ірі өндіруші. Топ саладағы уранның ең үлкен қорына ие. Қазатомөнеркәсіп еншілес, тәуелді және бірлескен ұйымдармен бірге 14 уран өндіруші кәсіпорынға біріктірілген 26 кен орнын игеріп келеді.

Бүкіл уран өндіруші кәсіпорындар Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан. Қазіргі кезде компанияның 75 пайыз акциясы «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі болса, қалғаны еркін айналымда жүр.

Сондай-ақ оқыңыз