Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы су қоймасы жарылудың аз-ақ алдында тұр – депутат
Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы «Бөген» су қоймасының пайдалануға берілгеніне 57 жыл болған. Су қоймасының жарылу қаупіне байланысты қоймаға қажетті мөлшерде су жиналмайды. Бұл жайлы депутат Қайрат Балабиев өзінің Қанат Бозымбаевқа жолдаған сауалында айтты.
Айтуынша, Ордабасы ауданының бір топ бұрынғы су шаруашылығы қызметкері елде болған соңғы су тасқынына байланысты «Бөген» су қоймасының бөгеті мен жағалауына қауіп төніп тұрғанын айтып дабыл қаққан. Қауіптің арта бастағаны себепті олар Мәжіліс депутаттарына үндеу жолдаған.
Сонымен бірге өңірдегі жағдайдың күрделі екенін ауыл шаруашылығының белгілі сарапшысы К.Павлов та ескерткен. Ол «Бөген» су қоймасы бұзылудың аз-ақ алдында тұрғанын айтып, алаңдаушылық білдірген.
Аталмыш су қоймасы 1967 жылы пайдалануға берілген. Бөгетінің ұзындығы – 5,4 шақырымды, ал биіктігі – 19,3 метрді құрайды. Бұл су қоймасы «Бөген» елдімекенінен 25 метр биіктікте орналасқан, сыйымдылығы – 370 млн шаршы метр. Бұл су қоймасы облыстың бес ауданын сумен қамтамасыз етеді және 120 мың гектар жерді суаруға мүмкіндік береді.
Алайда халықты тіршілік нәрімен сусындатып отырған, бұл су қоймасы бүгінде қауіпті нысанға айналған.
«57 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан бұл су қоймасы әлі күнге дейін күрделі жөндеуден өтпеген. Соның салдарынан оның бөгеті мен жағалауы тозып, бүгінде апаттық күйге жеткен. Су тораптарын басқарып отырған қазіргі басшылары да су мамандары емес», – дейді депутат.
Балабиевтің мәліметінше, бүгінде қоймаға 349,1 млн текше метр су жиналған. Бұл көлем өткен жылмен салыстырғанда 14 млн текше метрге аз екен. Мамандар көктем кезінде қоймаға судың көптеп жиналуына жол бермеген. Себебі үлкен көлемдегі суды қойма ұстап тұруға қауқарсыз екен.
«Қойманы қиратып алмау үшін су деңгейін төмендетуге мәжбүр. Ал бұл егін науқаны кезінде ағын судың жетіспеушілігіне әкеп соқтырады. Судың тапшылығына байланысты егін көлемі де айтарлықтай азаяды, ал өнім аз болған жерде жалпы өңірлік өнім көлемі өте төмен болады», – дейді ол.
Осы жағдайға байланысты Балабиев премьер-министрдің орынбасарынан Су ресурстары және ирригация министрлігіне қауіпті жағдайда тұрған «Бөген» су қоймасының бөгеті мен жағалауына кезектен тыс қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуді тапсыруды сұрады.
Еске сала кетсек, сәуірде Сенат депутаты Серік Шайдаров Су ресурстары министрлігінің жұмысын сынға алған болатын. Ол гидротехникалық құрылыстардың 60 пайызы ескіргенін айтты.
«Жыл сайын елде су тасқыны болады. Билік су тасқынының алдын-ала алмай, бүгінде салдарымен күресіп жатыр. Бұл су тасқынына қарсы шаралар лайықты деңгейде жүргізілмейтінін көрсетеді. Қазақстанда 1500-ге жуық гидротехникалық нысан бар. Олардың 1000-ға жуығы коммуналдық меншікте. Көбісі жөндеу көрместен, 50 жыл қатарынан пайдаланылып келеді. Бұл құрылыстар өте қауіпті нысан саналады. Олардың тозуы 60 пайызды құрайды. Су кодексіне сәйкес оларға көп кезеңді тексеру жүргізілуі керек», – деді депутат.
Ал прокуратура Алматы облысындағы Ворошилов су қоймасы мен Ақтөбе облысындағы «Щербаковское» бөгетінің жарылуына қатысты тергеу жүргізіп жатыр.