Қытайлық Tencent компаниясының жаңа ойыны сатылымда көш бастады
Қытайлық Tencent компаниясының жаңа мобильді ойыны алғашқы аптада-ақ 140 млн доллардан аса табыс тапқанын Niko Partners зерттеу компаниясы есептеп шығарды. Бұл әлемдегі ең үлкен нарық – Қытайдағы ең жақсы бастаманың бірі болды деп атап өтті Bloomberg. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жаңа өнімнен түскен табыс Tencent-тің Қытайдағы ойын саудасынан түскен жалпы кірісінің шамамен 5%-н құрауы мүмкін дейді сарапшылар. Бірақ Гонконгтағы сауда барысында Tencent акциясының бағасы 2%-дан аса төмендеді.
Толығырақ
Tencent Holding 21 мамырда шығарған Dungeon & Fighter Mobile мобильді ойыны қытайлық AppStore-да (Apple-дің мобильдік қосымша сататын дүкені) бірінші аптада 63 млн доллар тапты деп жазды Bloomberg Sensor Tower компаниясының деректеріне сілтеме жасап. Reuters дәйек еткен Appmagic-тің бағалауы бойынша, ойын 40 млн доллардан көп табыс әкелді. Іс жүзінде нәтиже бұдан да жоғары, өйткені кірістің бір бөлігі Apple-ге тиесілі және зерттеу компаниялары сол соманы есепке қоспайды, – дейді Bernstein-нің аға сарапшысы Робин Чжу агенттікке.
Sensor Tower айтқан дерекке сүйенсек, ойынның Android-ті қоса алғанда, барлық мобильді платформалардағы тапқан пайдасы 140 млн долларға жетуі мүмкін деп есептейді Niko Partners. Bloomberg мұны Қытай нарығындағы ойындардың ішінде ең табысты бастаманың бірі деп атады. Bernstein-нің есебінше, пайдаланушылар ойынға, шамамен, 207 млн доллар жұмсаған. Tencent ойынды іске қосқан соң, бір сағат өткенде сервердегі ақауға байланысты оны біразға дейін өшіруге мәжбүр болды: бұл да оның танымалдығының белгісі – өйткені релиз үлкен сұранысқа ие болса, серверге шамадан тыс жүк түседі деп атап өтті Bloomberg.
Бұның маңызы неде?
Ойынды іске қосу – пайданың жаңа көзін іздеп отырған Tencent үшін жақсы жаңалық дейді агенттік. DnF Mobile Tencent-тің бұған дейінгі хит болған Honor of Kings пен Peacekeeper Elite деген екі ойынын тізім басынан кері ысырды. Инвесторларға ендігі кезекте Tencent осы жаңа ойынның танымалдығын қашанға дейін ұстап тұра алатыны қызық деп жазады Bloomberg.
Егер ойынға деген қызығушылық бәсең тартып қалмаса, ол компанияға биыл 1 млрд доллардан аса табыс әкелуі мүмкін дейді Niko Partners-тің сарапшысы Сяофэн Цзэн. DnF Mobile сияқты озық франшизалардың ұзаққа жарамды әрі табысты екені дәлелденген, алайда жаңа ойын Honor of Kings сияқты жетістікке жетеді деуге әлі ерте. Жаңа ойынның бірінші аптадағы табысы Niko Partners күткен нәтижеге сай, бірақ бұл қызу маркетингтің арқасында іске асты дейді талдаушы.
Бейжің интернет-секторға қысым көрсетіп, ойындарға рұқсат беруді кейінге шегергендіктен, DNF Mobile-дің жарыққа шығуы біраз жылға созылды дейді Bloomberg. Енді Tencent жаңа өнімдерін биыл тездетіп шығаруды көздеп отыр: 28 мамыр күні, сейсенбіде өткен таныстыру рәсімінде ол оннан аса жаңа өнімінің жарнамасын көрсетті дейді агенттік.
Акция жайы
Сәрсенбіде Гонконгта Tencent акциялары 2,5%-ға арзандап, 370,6 гонконг долларына ($47,4) дейін төмендеді. Дегенмен 2024 жылдың басымен салыстырғанда қағаздар шамамен 26% қымбаттаған.
Dungeon & Fighter Mobile ойыны іске қосылғанға дейін Tencent-тің баға белгіленімі 2023 жылғы ақпанның басынан бастап ең жоғары шекке көтерілді, бірақ одан кейінгі күндері төмендеді, тура DnF Mobile 21 мамырда жарыққа шыққан күні, шамамен, 3% болды. Дегенмен сол күні Alibaba мен Baidu-ды қоса алғанда, қытайлық барлық IT-алпауыттардың құны арзандады, оған инвесторлардың Қытайдағы жасанды интеллект нарығында баға соғысы басталуы мүмкін деп алаңдауы түрткі болды.
Сарапшылар Tencent акцияларын сатып алуға сенімді түрде кеңес береді: олар Buy рейтингінің 52-сіне және Overweight («нарықтан жоғары») рейтингінің 60-тан алтауына ие деп көрсетеді FactSet. Сондай-ақ, компания акцияларды ұстау және сату туралы бір ұсынысқа ие.