Балаларды қорғау күніне Астана мен Алматыда қандай шаралар ұйымдастырылады?

Жарияланды
Халықаралық балаларды қорғау
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай екі қалада түрлі іс-шаралар жоспарланған /
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Астана мен Алматыда мерекелік шаралар өткізіледі. Бұл жайлы екі қала әкімдіктерінің баспасөз қызметі хабарлаған.

Астана

Астана қаласы әкімдігі жаздың алғашқы мерекесіне орай Астананың бес ауданында ондаған түрлі іс-шаралар, оның ішінде концерттер мен акциялар, көрмелер, жарыстар, шығармашылық фестивальдар өткізбек.

Бұл қалада мерекелік шаралар 30 мамыр күні басталады. Сол күні Амфитеатрда «Жасыл ел» маусымының ашылу салтанаты мен Достық үйінде «Балаларды қорғау – ел болашағын қорғау» атты дөңгелек үстел өтеді. Ал 31 мамыр күні «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қоры балаларға арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырады. Одан бөлек, Теміржолшылар тұрғын алабының саябағында тұрғындарды «ЮНИМОТО» мотокросы бойынша көрсетілім ұйымдастырылады.

Сонымен бірге Есіл өзенінде театр форматында концерттік бағдарлама, Ғашықтар саябағында ойын-сауық бағдарламасымен Еуропа елдерінің өнімдерінің жәрмеңкесі, М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайының алаңында «Балалық шақ энергиясы» фестивалі өтеді. Бұл күндері Триатлон саябағында осы уақытта «Ailand Family Run» отбасылық жарысы, Ailand отбасылық демалыс орталығының жанындағы аттракциондар саябағында балаларға арналған анимациялық бағдарламамен жазғы фестиваль өтеді.

«Қуыршақ театры мерекеге орай М.Аргимбаевтың «Элвин және сиқырлы орман тұрғындары» ертегісін әзірлеп отыр. «Никулиннің Мәскеу циркі» өнер көрсетеді. Қойылымдар 1-25 маусым аралығында өтеді»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Сонымен бірге «Жерұйық» саябағында арқан тарту, гір көтеру, асық ату және т.б. бойынша ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылады. Ататүрік саябағында қонақтарға арналға асфальтқа сурет салу, балаларға арналған көңілді старттар, аниматорлардың қойылымдары және тәтті сыйлықтар тарату іс-шаралары өтеді. 1-2 маусымда «Жетісу» және «Астаналық» саябақтарында ерекше балалар арасында көңілді старттар ұйымдастырылады.

1 және 2 маусымда Жетісу саябағында таңғы сағат 10-нан бастап «Бөпе fair» отбасылық фестивалі жұмыс істейді.

1 маусым күні сағат 15.00-де Арбатта «Қара, оқы» караоке іс-шарасы өтеді, бүлдіршіндер сахнада танымал әндерді шырқай алады. Үркер тұрғын алабындағы «Айғыржал» алаңында сағат 14:00-де балаларға арналған шоу-бағдарламамен және аниматорлармен концерт басталады.

Ал «Жастар» театры жас көрермендерді Л.Толстойдың «Буратино» ертегісіне шақырады. Горький атындағы орыс драма театрында Супониннің «Коза-Дереза» ертегісін сахналанады.

Елорданың барлық бес ауданында ашық алаңдарда мерекелік концерттер мен түрлі шаралар ұйымдастырылады. Өткізілетін шаралардың толық тізімімен осы сілтеме арқылы танысуға болады.

Алматы

Алматыда да Халықаралық балаларды қорғау күнін тойлауға арналған іс-шаралар 30 мамырдан басталады. Бұл күні қалалық кітапханаларда балалар суреті байқаулары мен кітап көрмелері өтеді.

Атап айтқанда 30 мамыр күні сағат 10:00-де №6 кітапханада «Балалардың  күлкісі әлемді әрлейді» суреттер байқауы өтеді.

Ал Мемлекеттік қуыршақ театрында 31 мамыр күні 11:00-де биыл тұсауы кесілген «Етік киген мысық», «Үйшік» қойылымын қазақ және орыс тілінде тамашалай алады.

1 маусымда Орталық мәдениет және демалыс саябағында басты концерттік шарасы өткізіледі. Сахнада қазақстандық эстрада жұлдыздары, сондай-ақ балалар вокалдық және би ұжымдары өнер көрсетпек. Ал  Д.А.Қонаев атындағы музей үйінде «Менің музейім» атты экскурсиямен қатар квест-ойын ұйымдастырылады. Н.Тілендиев мемориалдық музейінде сағат 12:00-де «Балалық шаққа саяхат» атты ашық сабақ өтеді.

Сонымен қатар қаланың әр ауданында келіседей іс-шаралар өткізу жоспарланған:

  • Алатау ауданында сағат 11:00-де Мультимедиялық дәстүрлі музыкалық орталығында балаларға арналған экскурсия өтеді.
  • Әуезов ауданында сағат 11:00-де Family Park демалыс саябағында мерекелік концерт, сондай-ақ спорттық ойындар мен шығармашылық белсенділік өтеді.
  • Алмалы ауданында сағат 11:00-ден 16:00-ге дейін Махатма Ганди саябағында Халықаралық байқаулар мен фестивальдар лауреаттарының және ауданның шығармашылық ұйымдарының ансамбльдерінің қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.
  • Жетісу ауданында сағат 10:00-де Гүлдер саябағында Damu Bala бағдарламасының қатысушыларымен мерекелік концерт, сондай-ақ көрме, түрлі шеберлік дәрістері мен шахматтан турнир өтеді.
  • Медеу ауданында сағат 13:00-де Орталық мәдениет және демалыс саябағында, сондай-ақ Алатау шағын ауданында сағат 11:00-де ауданның шығармашылық ұжымдарының қатысуымен мерекелік концерт өтеді.
  • Наурызбай ауданында сағат 18:00-де Шұғыладағы амфитеатр аумағында концерттік бағдарлама, қолөнер жәрмеңкесі және суреттер көрмесі ұйымдастырылады.
  • Түрксіб ауданында сағат 10:00-де С.Сейфуллин атындағы саябақта өнер ұжымдары мен ансамбльдердің қатысуымен концерттік бағдарлама өтеді, сондай-ақ балаларға арналған түрлі квесттер, шығармашылық шеберлік дәрістерімен спорттық ойындар ұйымдастырылады.
Сондай-ақ оқыңыз