Бұл - жұт емес: Ауыл шаруашылығы министрлігі Ұлытау мен Қарағанды облыстарында қырылған жылқылар үшін өтемақы берілмейтінін айтты

Жарияланды
Ұлытау мен Қарағанды облысындағы қыста қырылған жылқылар үшін Үкіметтен өтемақы қарастырылмаған / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Аружан Махсотова

Ауыл шаруашылығы министрлігі қыста Қарағанды мен Ұлытау облыстарында қырылып қалған жылқыларға өтемақы төленбейтінін айтты. Себебі министрлік бұл нәубетті жұт деп қабылдамайды. Бұл жайлы Сенат отырысынан кейін өткен брифингте АШМ вице-министрі Аманғали Бердалин айтты.

«Қарағанды мен Ұлытауда қыста мыңдаған жылқы қырылды. Депутат Аманжол Әлтай мұны «жарты ғасырда бір келетін жұт» деп бағалады. Осы орайда министрлік бұл жағдайды жұт деп мойындай ма?»,– деп сұрады журналист.

АШМ өкілі бұл жағдайды жұт деп мойындамайтынын, себебі өңірде соншалықты көп ірі-қара малы қырылмағанын алға тартты. Айтуынша, нағыз жұт келсе, мал түрін таңдамайды, бәрі қырылады.

«Жоқ, жұт емес. Өйткені Ұлытау облысына осы мәселегебойынша екі рет бардым. Өлген малды жою жұмыстарын қадағаладым. 1574 өлген жылқы малы жойылды. Қазақстанда 3,8 млн бас жылқы бар екенін ескерсек, қырылған жылқы саны бұл көлемнің 1 пайызына да жетпейді. Ауыл шаруашлығымен айналысатын кәсіпкерлер малды далада ұстап өсірсе де, малға ие болуы керек. Қадағалауы қажет. Әрқайсысының өзінің жауапкершілігі болады. Мұны жұт деп айтуға келмейді. Жұтта тек қана жылқы қырылмайды. Онда қой малы да, ірі-қара да қырылуы керек еді. Жұт мал таңдап келмейді», – дейді Бердалин.

Журналист «сонда жылқылардың қырылуына шаруалардың өздері кінәлі ме?» деп нақтылады. Министрлік өкілі «өздері кінәлі» деп жауап берді. Сондай-ақ журналист өтемақы мәселесін сұрады. Вице-министр қырылған жылқылар үшін өтемақы төленбейтінін жеткізді.

«Өтемақы берілмейді. Өйткені бірде-бір жылқышы, бірде-бір жылқының иесі «бұл менің жылқым» деп келмеді. Себебі ветеринария туралы заң мен әкімшілік кодекске сәйкес, 7 күн ішінде өз малыңызды есепке қоймасаңыз, идентификация жасамасаңыз сізге айыппұл салынады. Олар айппұлдан құтылғысы келді ме, «малдың иесі менмін» деп келген жоқ. Сондықтан бұл иесіз мал», – деді вице-министр.

Еске сала кетсек, қыста Ұлытау мен Қарағанды өңірінде жылқы малы қырылды. Өңір шаруалары далада жатқан өлекселердің саны 2000-ға дейін жеткенін хабарлады. Сол кезде өңір әкімдіктері жылқының қырылуына иелерінің малды фермаларда ұстамауы, қажетті мөлшерде жем-шөп дайындамауы себеп болғанын айтты.

Ал 26 наурыз күні АШМ басшысы Айдарбек Сапаров та жылқылардың қырылуына шаруалардың өздері жауапты екенін мәлімдеді. Министр сонымен бірге өңірде небәрі 360 бас жылқы малының қырылғанын айтты.

«Ұлытау өңіріне жем-шөпке 1 млрд 400 млн теңге субсидия бөлінген. Ол қаражат тек жем-шөпке бөлінген. Соған қарамастан, 360 бас жылқы қырылған. Неге бұлай болғанын қазір анықтап жатырмыз. Менің айтпағым, бұған әкімшілікпен бірге, мал иелері де жауапты. Мәселен, Ұлытауда қырылған 360 жылқының иесін таба алмай жатырмыз. Қырылған жануарларлардың дені қаңғып кеткен. Яғни оларды иелері жібере салған. Олар малдың жем-шөбін қамдап алуы керек болған. Шаруалар жем-шөп алуға жағдайы болмаса, әкімдіктерге жүгінуі керек», – деген министр.

Сондай-ақ оқыңыз