Қаржы министрлігі польшалық компанияға қатысты халықаралық конвенцияны бұзған

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің редакторы
Қаржы министрлігі халықаралық конвенцияны бұзған / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Қаржы министрлігі Алматыда жұмыс істейтін Польша елінің компаниясынан 600 миллион теңгеден астам салық өндіріп алу арқылы халықаралық конвенцияны бұзған.

«Алматы қаласы соттарының поляк компаниясының («Exalo Drilling» АҚ) салықтық тексеру нәтижелеріне шағымдану туралы талабын қарауы шеңберінде Қаржы министрлігінің халықаралық конвенцияны бұзғаны анықталды», – делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Ақпаратқа сүйенсек, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер департаменті Exalo Drilling атты поляк компаниясының резиденттік сертификатын қабылдамаған. Өсімпұлды ескере отырып, коммерсанттарға 600 миллион теңгеден астам корпоративтік табыс салығы қосымша есептелген.

Алайда Қазақстан мен Польша арасында қосарланған салық салуды жою туралы конвенция жасалған.

«Польшаның Қаржы министрлігі даулы жағдайды шешу үшін қазақстандық тараппен өзара келісу рәсімін бірнеше рет бастауға тырысты. Бұл Конвенцияда тікелей көзделген. Алайда Қазақстанның Қаржы министрлігі келіссөздерден бас тартқан», – делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Поляк компаниясы салықтық тексерудің нәтижелеріне қатысты сотқа шағымданған. Нәтижесінде кәсіпкерлерге Қаржы министрлігі есептеп шығарған қосымша төлем алынып тасталған.

Сондай-ақ оқыңыз