АҚШ-та инфляция баяулады, техника алпауыттары жаңа рекорд орнатты, экономика жанданады деген үміт нығайып келеді

Жарияланды
Shutterstock

Апта соңына қарай инвесторлар үшін жағымды жаңалықтар желдей есті. Нақтыланған мәліметтер бойынша АҚШ-та инфляция баяулады. Ал Goldman Sachs қазіргі экономикаға тән негізгі сценарийді «жандану» деп атады. Дегенмен Nvidia мен технологиядағы бес алпауыт қазір S&P 500 индексінің 30%-на ие болды. Мұндай шоғырлану айтарлықтай қауіпті. Осы және басқа тақырыптар туралы 30 мамырдағы әлемдік БАҚ шолуын оқыңыз.

Тұтынушылар АҚШ-тың экономикалық өсуін тежеп отыр – инфляция бәсеңдей түсті

АҚШ экономикасы 2024 жылдың бірінші тоқсанында сарапшылар ойлағаннан гөрі баяуырақ өсті деп жазады Reuters. Экономикалық белсенділіктің ең ауқымды көрсеткіші – жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) – қаңтар-наурыз айларында жылдық мәнде 1,3%-ға өсті деп хабарлады сауда министрлігі. Бұл алдын-ала бағалаудан 1,6%-ға, 2023 жылдың төртінші тоқсанындағы мәннен айтарлықтай (3,4%-ға) төмен.

Бірінші тоқсандағы тұтыну шығыны жылдық есепте 2%-ға өсті. Бұл тұрмыстық тауарларға қатысты шығынның өсу қарқыны төмендегенін көрсетеді. Бәрінен де автокөлік пен оның бөлшектері сияқты ұзақ мерзімді тауарларға халықтың сұранысы азырақ болған. Министрліктің мәліметінше, инфляция көрсеткіші бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 3,4%-дан (жылдан жылға есептегенде) 3,3%-ға дейін түсті. Ішкі жалпы табыстың өсу қарқыны да бәсеңдеген. 2023 жылдың төртінші тоқсанындағы 3,6%-дан 2024 жылдың қаңтар-наурызында 1,5%-ға дейін кеміген.

Comerica Bank-тің бас экономисі Билл Адамс: «Экономикалық өсу көрсеткіштерінің төмендеуіне әрі инфляцияның ақырын өсуіне орай ФРЖ қыркүйек айына дейін пайыздық мөлшерлемені төмендете бастауы мүмкін», – дейді.

Дегенмен бұл ахуал ағымдағы жылдың екінші тоқсанында өзгеруі мүмкін. Өйткені АҚШ-та қызметкерлердің жұмыстан шығу деңгейі төмендегендіктен, еңбек нарығы өсу үстінде.

Goldman Sachs: қазіргі экономикаға тән негізгі нұсқа – «жандану»

Goldman Sachs компаниясының атқарушы директоры Джон Уолдрон бейсенбі, 30 мамырда Alliance Bernstein-нің стратегиялық қадамдар туралы конференциясында АҚШ экономикасы үшін әлі де «жандану» негізгі және ықтимал сценарий екенін айтты. Сондықтан ел ауыр стагфляцияны айналып өтуі мүмкін. Сонымен қатар Goldman Sachs алда жасанды интеллектіге бағытталған инвестиция көлемі айтарлықтай өседі деген пікірде деп хабарлайды MarketWatch.

Қазір Уолл-стриттегі мәміле жасасулар қарқын алып келеді. «Банктер мен корпорациялар үшін капитал тарту, қарыз алу және сауда шарттары әлі де күрделі болып тұрғанмен, «мейлінше қолайлы» шарттар көбейіп келеді және кей жағдайда барынша конструктивті», – деді Уолдрон. Инвестициялық-банктік ортаны «жақсы, бірақ аса керемет емес» деп сипаттауға болады: акционерлік капитал нарығындағы белсенділік қазіргі таңда соңғы 10 жылдағы орташа көрсеткіштен 30%-ға, ал IPO көлемі шамамен 50%-ға төмендеген.

Компаниялардың бірігу және жұтылу нарығында мәмілелер аз болса да, жағдай тұрақты болып тұр. Оған қоса, Goldman Sachs жеке несие алу өседі деп шамалайды.

Nvidia және технология саласындағы бес алпауыт қазір S&P 500 индексінің 30%-ын жаулап алды

Bloomberg-тің хабарлауынша, технологиялық алты компания S&P500 индексінің 30%-на ие болды. Ал 2024 жылдың басында олардың үлесі 26% болатын. Бұл тізімде Microsoft, Apple, Nvidia, Alphabet, Amazon.com және Meta Platforms бар. Nvidia-ның өсуінің арқасында көрсеткіш бірден 26%-дан 30%-ға дейін көтерілді. Микросхема өндірушісінің нарықтағы құны биыл 1,6 трлн долларға өсті. Ол әлемдегі қымбаттығы жағынан екінші орында тұрған Apple компаниясын басып озуға жақын.

Ірі компаниялар қашанда S&P 500 индексінде үстемдікке ие, бірақ дәл осындай дәрежеге жеткен емес. Соңғы үш онжылдықтың көп бөлігінде бенчмарк бойынша ең үлкен алты акцияның пайызы 20%-дан төмен болды. Тек 2020 жылы ғана олардың шоғырлануы осы белгіден асып түсті.

Бір қызығы, 2000 жылы интернетке қатысты компаниялар артық бағаланып, дақпырт қызып тұрған тұста да аты аталған алты технологиялық компанияның тек үшеуі – Microsoft, Cisco және Intel алты көшбасшының қатарына кірген еді. Қалған үштік тізімінде General Electric, Exxon Mobil және Walmart болды.

2024 жылы дамушы нарыққа бағытталған капитал ағыны 903 млрд долларға жетеді

Ірі дамушы экономикаларға капиталдың таза ағыны 2024 жылы шамамен үштен бірге өсіп, 903 миллиард долларға жетеді деп болжайды Халықаралық қаржы институты (IIF). Есепте берілген мәлімет бойынша, 32% өсім негізінен тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) және акциялар портфеліне бағытталған ақшаның айтарлықтай қалпына келуіне байланысты жүзеге аспақ. Экономикасы дамитын елдер тізіміне Қытай, Үндістан, Ресей және Мексиканы қосқанда 25 ел кірді деп хабарлайды Reuters. «Жаһандық экономиканың жандану сценарийі дамушы нарықтарға бағытталған капитал ағынын арттыруға қолайлы болмақ», – деп атап өтті IIF.

Шетелдік тікелей инвестициялардың таза ағыны 2024 жылы 426 миллиард долларға дейін өседі деп болжануда. Ал шетелдік инвесторлардың портфеліне түсетін қаржы ағыны 2023 жылғы 161 млрд доллардан 259 миллиард долларға жетуі мүмкін. Өйткені соңғы екі жылда капитал жылыстауының негізгі көзі болған Қытай біртіндеп қалпына келуде.

Болжам бойынша, Ресейден тікелей шетелдік инвестициялардың сыртқа кетуі жалғаса бермек, ал ішінара нарықты қалыптастырып жатқан Еуропаға инвестициялық ағын арта түседі. Бұл Венгрияға ТШИ ағынының ұлғаюына орай жүзеге асады.

Африка мен Таяу Шығыста IIF бағалауы бойынша, бейрезиденттердің таза капитал ағыны өткен жылғы 115 млрд доллармен салыстырғанда, 149 млрд доллар болмақ. Осы орайда резиденттердің сыртқа жылыстайтын таза капитал ағыны да шамадан аспайды. Атлант мұхитының ар жағындағы IIF есебі биыл және 2025 жылы Латын Америкасына айтарлықтай капитал ағыны келеді деп болжайды.

Сондай-ақ оқыңыз