«Крокус Сити» ісі бойынша 1700 адам жәбірленуші деп танылды, 18 адам тергеу абақтысында отыр
«Крокус Сити» ісі бойынша құқық қорғау органдары жәбірленуші деп танылған 1700 адамнан жауап алды. Бұл жайында бірнеше ақпарат құралы жазды. Мәскеудің Басман ауданы сотының қаулысынан төрт күдіктінің қамауға алу мерзімі ұзартылғаны мәлім болды.
Іс бойынша әр тергеушінің 800-ден астам куәгермен сөйлесуіне тура келді. Сот отырысында терактіге байланысты 20-дан астам тінту жүргізіліп, 650-ге жуық сот-медициналық сараптама тағайындалғанын айтылды. Соның ішінде баллистикалық, өрт-техникалық және құрылыстық сараптамалар жүргізілді.
Теракт бойынша 20 адамға қылмыстық іс қозғалды. 18 адам тергеу абақтысында отыр. Екі күдікті ешқайда кетпеу жөніндегі қолхатпен босатылды.
22 наурыз күні «Крокус Сити» сарайында «Пикник» тобы өнер көрсетті. 6 мың адамға арналған коцерт залына билеттер түгелімен сатылған. Көрермендер жиналған соң, камуфляж киген белгісіз біреулер оқ жаудырып, артынша жарылғыш зат лақтырды.
Шабуыл салдарынан 144 адам көз жұмып, 328 адам жараланды. Сол күні 11 адам ұсталды. Оның ішінде тәжік азаматтары болды. Осы оқиғадан кейін Тәжікстан азаматтарының Ресей шекарасынан өтуі қиындады.