Zara сатылымды арттыру үшін Еуропа мен АҚШ-та шоппинг-стрим өткізе бастайды

Жарияланды

Zara Қытайдағы зор жетістігінен кейін, биыл еуропалық және америкалық тұтынушыларға шопинг-трансляция жасауды жоспарлап отыр / Фото: Shutterstock

Испаниялық Inditex Group компаниясына тиесілі Zara сән бренді биыл Еуропа мен АҚШ-та шоппинг-трансляция жүргізе бастайды. Zara Қытайда қазірдің өзінде аса танымал, бірақ батыстық сатып алушыларға бейтаныс форматты сынап көрмек.

Толығырақ

Өткен жылдың қараша айынан бастап Zara апта сайын TikTok-тың Қытайға арналған Douyin нұсқасында бес сағаттық шопинг-шоуын ұсынып келеді. Қытайлық сатып алушыларға арналған трансляция Zara-ға осы жылдың бірінші тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сатылымды 50% – ға арттыруға көмектесті деп жазады Reuters. Бұл мәліметтер жөнінде ол EDITED сараптамалық компаниясының деректеріне сілтеме жасайды. Батыс елдерінде Zara осындай трансляцияны «тамыз бен қазан аралығында» іске қосуды жоспарлап отыр.

«Біз бұл тәжірибені батыс елдерінде де жүзеге асырғымыз келеді, ол жақта тікелей шопинг-трансляция аса танымал емес. Бірақ біз оны неге істеп көрмеске деп ойлаймыз. Ойын-сауық тұрғысынан бұл эволюцияға ұқсайды», – деді Zara өкілі Reuters агенттігіне.

Douyin-дегі Zara шоуларында Zara көйлектерін киіп алған қытайлық модельдер аяқ киім мен зергерлік бұйымдарды жарнамалайды. Трансляцияда дефиле және сахна сыртындағы макияж жасау барысы көрсетіледі. Сондай-ақ  олардың жайбарақат стилі танымал қытайлық блогерлердің қарқыны жоғары трансляциясына ұқсамайды. Батыс аудиториясына арналған шоуларға еркіндік тән болмақ және Douyin-ге қарағанда уақыты қысқа болады. Яғни эфир 45 минуттан бір сағатқа дейінгі уақыт аралығын қамтиды. Дегенмен бұл шоулар батыс нарығында табысқа жетеді деп сенімді айтуға әлі ерте.

JP Morgan сарапшысы Джорджина Йоханан: «Біз қазір Қытайдағы сәтті саудаға не әсер еткенін және ол Батыс Еуропада немесе Ұлыбританияда да дәл солай ұтымды шығады деп нақты айта алмаймыз», – деді.

Тікелей эфирде Zara-ның Woman топтамалары ұсынылады. Шоуды сән әлеміндегі «өте танымал» екі тұлға жүргізеді деп хабарлады бренд. Бірақ жүргізушілердің есімі нақты аталмады.

Контекст

Көрермендер жарнамадағы өнімді экран алдында отырып-ақ сатып ала алатын телебағдарламалар бірнеше он жылдық көлемінде пайда болды. Ал Қытайдағы әлеуметтік желі мен электронды коммерция тікелей эфирдің жаңа дәуірін бастады. Ол жақта танымал тұлғалар косметикадан бастап тамаққа дейін кез келген өнімді әлеуметтік желі арқылы қызу қарқынмен сатады. Мысалы, «ерін далабының патшасы» атанған қытайлық блогер Ли Цзяци 2021 жылы 12 сағаттық бір стримнің барысында 1,7 млрд долларға тауар сатқан. Цзяцидің нарыққа да ықпалы зор: 2020 жылы ол Hermes ерін далабының сатылымын түсіріп жіберді. Ол далапты «арзан», «азиялықтарға жарамсыз» және «кемпірдің ескі көзілдірігі сияқты түсініксіз» деп атаған еді.

Zara Douyin-дегі аккаунтын 2019 жылы ашты, бірақ бренд алғашқы тікелей эфирін тек 2023 жылы ғана өткізді. Dao Insights басылымының хабарлауынша, Zara өткен жылдың сәуір-қараша айларында Douyin-де айына 40 рет қысқа стримге шығып отырған. Қараша айында бренд бірінші рет супермодель Ю Тяньимен 4 сағаттық трансляция жасады. Салалық дереккөздердің есебінше, бұл эфир үшін Zara 1 миллион юань немесе шамамен 140 мың доллар жұмсады деп жазды Dao Insights.

Нарық үшін бұл неге маңызды?

Zara-ның онлайн-сатылымға бет алуы дәстүрлі сән брендтерінің дүкен қабырғасынан біртіндеп кетіп жатқанын көрсетеді. Расында, аталмыш брендтің Қытайдағы дүкендері 2019 жылдан бері үш есе – 570-тен 192 дүкенге дейін азайған. Сөйте тұра, Zara-ның Қытайдағы жаңа тәжірибесі интерактивті шопинг-стримдер арқылы кез келген бренд тұтынушыларымен байланыс орната алатынын көрсетті дейді Reuters.

Zara-ның тікелей эфирді қолданатын сату форматы – жеңілдік арқылы сатылымды арттыратын әдеттегі әдістен ерекше. Егер бұл эксперимент Батыс нарығында да сәтті жүзеге асса, ол бәсекелестердің стратегиясына және жалпы электронды коммерция саласына әсер етуі мүмкін.

Акция жайы

Zara-ның бас компаниясы және әлемдегі ең ірі киім сатушылардың бірі –Zustria de Diseno Textil SA (Inditex) ағымдағы (сәуірде аяқталған) қаржы жылының бірінші тоқсанындағы кірісі туралы мәліметтерді 5 маусымда жариялайды. 2023 (қаңтарда аяқталған) қаржы жылында Inditex кірісті 10,4% – ға, 35,95 миллиард еуроға дейін арттырды. Таза пайда 30,3% – ға, 5,4 миллиард еуроға дейін өсті. FactSet сауалнамасына қатысқан сарапшылар қарастырған орташа болжам: таза пайда 5,35 млрд еуро, кіріс 35,96 миллиард еуро болатын.

Inditex акциялары дүйсенбіде Мадридтегі сауда-саттықта 0,8%-ға өсуде. FactSet сауалнамасына қатысқан 22 сарапшының 13-і оның акциясын сатып алуға кеңес береді. Жеті сарапшы инвесторларға Inditex акциясын портфельде ұстауды, екеуі сатуды ұсынды.

Сондай-ақ оқыңыз