Келісімшарт құпиясы: Қазақстан футбол федерациясы бас бапкер Станислав Черчесовтың қанша жалақы алатынын нақтыламады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Станислав Черчесов қанша жалақы алады? Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстан футбол федерациясы футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа бас бапкері Станислав Черчесов алатын жалақыға қатысты мәлімдеме жасады. Федерация бас бапкердің жалақысы туралы БАҚ-та тараған ақпарат асыра көрсетілген және жалған екенін айтады. Алайда ҚФФ бапкердің нақты қанша алатынын ашып жазбаған.

«Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа бас бапкері Станислав Черчесовтің жалақысы туралы ақпарат асыра көрсетілген және шынайылыққа сәйкес келмейді», – делінген хабарламада.

Бұған дейін бірқатар ақпарат құралдарында оған жылына 1,2 млм еуро жалақы төленетін жайлы мәлімет тараған. Алайда Федерация келісімшарттың құпиялығына сілтеме жасай отырып, бапкердің жалақысын жария етпеді. Сонымен қатар, келісімшарт бюджет тарапынан қаржыландырылмайтынын атап өтті.

3 маусымда ресейлік Станислав Черчесовтың футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалғаны белгілі болды. Ол футболшы кезінде «Спартак» (Орджоникидзе), «Спартак» (Мәскеу), «Локомотив» (Мәскеу) және «Динамо» (Дрезден) сияқты клубтарда ойнаған.

Жаттықтырушы ретінде Ресейдің «Спартак» (Мәскеу), «Жемчужина», «Терек», «Амкар», «Динамо» (Мәскеу) сынды командаларда жұмыс істеген. Сондай-ақ Станислав Черчесов Польшаның «Легиясын», Ресей құрамасын және Мажарстанның «Ференцварошын» басқарды.

Бапкерлік мансабындағы жетістіктері:

  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері (2007)
  • Польша чемпионы (2015/16)
  • Польша кубогының жеңімпазы (2015/16)
  • 2018 жылғы әлем чемпионатының 1/4 финалы (Ресей құрамасымен)
  • Мажарстан чемпионы (2021/22, 2022/23)
  • Мажарстан кубогының иегері (2021/22)

Ал бұған дейінгі бапкер Магомед Адиевпен келісімшарт екі жақтың келісімімен тоқтатылған.

Ресейлік футболшы Александр Кержаков  та алматылық «Қайраттың» бас бапкері болып тағайындалған. Александр Кержаков Ресейдегі Санкт-Петербург қаласының «Зенит», Испанияның «Севилья», Швейцарияның «Цюрих» және Мәскеудің «Динамо» командаларында ойнаған. Ол УЕФА Кубогының, Испания Кубогы мен Суперкубогының, Швейцария Кубогының иегері. Үш дүркін Ресей чемпионы.

Сондай-ақ оқыңыз