Қазақстан АҚШ-тың Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыруға қатысты бастамасын қолдайды – СІМ

Жарияланды
Қазақстан Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыру үшін «екі халық үшін екі мемлекет» формуласын ұсынды / Фото: kursiv.media

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы ахуалды тұрақтандыруға қатысты АҚШ-тың бастамасын қолдайтынын мәлімдеді. Бұл жайлы министрліктің телеграм арнасында жазылған.

«Қазақстан халықаралық қауымдастықтың Таяу Шығыстағы ахуалды тұрақтандыруға бағытталған күш-жігерін барынша қолдайды. Ақ үйдің Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату, кепілге алынған адамдарды босату, гуманитарлық көмекті қамтамасыз ету, сондай-ақ халықаралық қоғамдастықтың қолдауымен Газа секторын қалпына келтіру жайлы негізгі ережелерден тұратын бейбітшілік бастамасын құптаймыз»,- делінген СІМ мәлімдемесінде.

Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, ұсынылған шаралар жүзеге асырылған жағдайда, бұл шаралар бейбіт тұрғындардың қазасы мен құрбандар санын тоқтатуға мүмкіндік береді, сондай-ақ өңірде бейбітшілік орнауының алғышарты бола алады.

«Ұзақ жылға созылған қақтығыстың жалғыз шешімі ретінде «екі халық үшін екі мемлекет» формуласы негізінде астанасы Шығыс Иерусалим деп белгіленген Палестина Мемлекетін құру туралы Қазақстанның мызғымас ұстанымын растаймыз».

Айта кетейік, АҚШ президенті Джо Байден үш кезеңнен тұратын бейбітшілік келісімін ұсынды. Бірінші кезеңде екі арадағы атыс 6 аптаға тоқтатылып, Израиль Газадағы елді мекендерден шығарылады. Сонымен бірге Израиль тарапы жүздеген палестиналық тұтқындарды түрмеден босатуы керек. Ал ХАМАС тұтқындағы Израиль азаматтарын босатып, қаза тапқандардың денесін қайтарады. Ал Газа халқы өздерінің тұрғылықты мекеніне оралуы тиіс. Осы орайда гуманитарлық көмек артып, халықтың оңалтуға жағдай жасалмақ. Осы алты аптада Израиль мен ХАМАС арасында келіссөздер жүргізіледі. Бұл келіссөздер сәтті аяқталған жағдайда екінші кезеңге көшеді.

Ал екінші кезеңде тұтқындағылар соның ішінде әскери қызметкерлер босатылады. Ал Израиль әскері Газа секторынан толық шығуы керек болады.

Ал үшінші кезеңде қайтыс болған тұтқындардың денесі қайтарылады. Артынша АҚШ пен халықаралық қауымдастықтың қолдауымен Газаны қалпына келтіру жұмыстары жүргізіле бастайды.

Еске сала кетсек, 3 маусымда ҰҚШҰ жиынында президент Қасым-Жомарт Тоқаев астанасын Шығыс Иерусалим деп белгілеп, Палестина мемлекетін құруды ұсынды.

«Әлемдегі қақтығыс қауіпті деңгейге жетті. Әсіресе, Таяу Шығыстағы ахуал қатты алаңдатады. Газа секторында күн сайын жүздеген адам қаза тауып, жарақат алып жатыр. Олардың арасында қарапайым азаматтар, әйелдер мен балалар бар. Миллионнан астам бейбіт тұрғын қиын жағдайға тап болды. Барлық негізгі халықаралық ұйымдар Палестинадағы гуманитарлық ахуалды мүшкіл деп атады. Шын мәнінде, апатты жағдай шегіне жетуге таяп қалды»,- деді президент.

Сонымен бірге мемлекет басшысы ұзақ жылға созылған қақтығыстың жалғыз шешімі – «қос халық үшін екі мемлекет» формуласы негізінде астанасын Шығыс Иерусалим деп белгілеп, Палестина мемлекетін құру екенін айтты. Президент палестиналықтардың Ұйымға мүше болу құқығын мойындау туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының биыл 10 мамырда қабылдаған қарарын құптайтынын да жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз