Тик-Ток желісін бұғаттау күн тәртібінде жоқ – Ақпарат вице-министрі

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Бұл мәселе тек ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнген жағдайда ғана қаралуы мүмкін / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Елімізде Тик-Ток әлеуметтік желісіне шектеу қойылмайтын болды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов мәлімдеді.

Сенат кулуарында вице-министр елімізде Тик-Ток-ты бұғаттау мәселесіне қатысты сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, аталған платформаны бұғаттау бүгінде қарастырылып жатқан жоқ.

«Сұрақ TikTok-қа қатысты болды. Министрлікте қазіргі уақытта бұғаттау мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ», – деді Қанат Ысқақов Сенат кулуарында.

Министр орынабасары мәлімдегендей, бұл мәселе тек ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнген жағдайда ғана қаралуы мүмкін.

«Бірақ заңнаманы сақтау жөніндегі талаптар орындалмаған жағдайда, оның ішінде қолжетімділікті шектеуге байланысты шаралар көзделген. Сіз Ұлттық қауіпсіздік туралы заңды оқысаңыз онда бәрі жазылған. Бұл мемлекеттің аумақтық тұтастықты бұзу, қоғамға және әлеуметке қауіп төндіру және ұлттық қауіпсіздікке жататын тағы басқа мәселелер», – деді вице-министр.

Дегенмен осыған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде Тик-Ток платформасын бұғаттау мәселесі қаралатынын мәлімдеген еді.

«(Tik-tok) бұғаттау мәселесінде көрші елдердің тәжірибесін қарап отырмыз. Шынымен де, қазіргі таңда әлеуметтік желідегі материалдарда құқық бұзушылық фактілер өте көбейіп кетті. Оның барлығы біздің ұлттық қауіпсіздігімізге ықпал етеді. Әлбетте, осындай шараларды қабылдауға болады», – деді Аида Балаева.   

Экстремизм, қаржы пирамидалары мен митингтер: Министрлік Тик-Ток-та қанша бейнежазбаға шағым түсірді?

«Курсивтің» ресми сауалына жауап берген министрлік Қазақстанда әлеуметтік желіні қандай жағдайда бұғаттауы мүмкін екенін түсіндіріп берді. Мәдениет және ақпарат министрлігі TikTok желісіндегі 1 348 бейне жазбаға қатысты шағым түсірген. Платформа тек 206 бейнені өшіруге келіскен.

Ведомствоның жазуынша, Қазақстан желіні бұғаттағысы келмейді. Алайда компания органның сұраныстарын қанағаттандырып, ынтымақтастыққа келмесе, бұғаттау қажет болады.

Қазір министрлік компаниямен келіссөздер жүргізіп жатыр. Әлеуметтік желінің шағымдарға тезірек жауап беруін және заңға қайшы ақпаратты бұғаттауын қалайды. Қазір қабылданған шаралар жеткіліксіз. Сондықтан министрлік ел аумағында TikTok-қа толық тыйым салуды қарастыруды жоспарлап отыр.

Көбінесе орган экстремизмді насихаттайтын 727 бейнені (оның 30-ы жойылған), қаржы пирамидаларын жарнамалайтын 317 бейнені (43-і жойылған) және елдегі жиналыстар, митингілер, шерулер мен пикеттер туралы ақпарат тараған 67 бейнежазбаны (23-і жойылған) өшіруге шағымданған.

Сондай-ақ оқыңыз