Экологиялық қауіпті аймақта тұратын мемлекеттік қызметкерлерге үстемақы төленуі мүмкін бе – Сенатор ұсыныс білдірді
Экологиялық қауіпті аймақтарда тұратын қазақстандықтарға бюджеттен 20% үстемақы қаржы қарастыру қажет. Сенатор Мұрат Қадырбек осындай ұсыныс білдіріп, Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.
Оның сөзінше, Кентау қаласы тұрғындары Арал экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған қауіпті аймақ ретінде дабыл қағып отыр. Олар 2016 жылдан бастап Кентау мен оның айналасындағы елді мекендерді төтенше экологиялық жағдай немесе экологиялық апат аймағы деп жариялау мүмкіндігін белсенді түрде талқылап келеді.
Депутаттың келтірген дерекке сүйенсек, қазіргі уақытта Қазақстанның Экологиялық кодексіне сәйкес құрылған, Кентау қаласы мен оған іргелес елді мекендерді экологиялық апат аймағы деп жариялау мүмкіндігін қарастыратын арнайы комиссия жұмыс істеп отыр.
«ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Түркістан облысының Кентау қаласы мен оған іргелес елді мекендердің аумағын экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймаққа кіргізу бойынша заңнамалық тиісті өзгерістер енгізу үшін нақты шаралар қабылдауы қажет. Сонымен қатар, аталған аумақта жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлерге экологиялық аймақта тұрғаны үшін әлеуметтік аударымдармен қоса республикалық бюджеттен 20% үстемақы қаржы қарастыру қажеттігін шешуге ықпал етуіңізді сұраймыз», – деді сенатор.
Айта кетейік, осыған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова еңбек жағдайы зиян жұмыста істейтіндерге 245 млн теңге арнаулы әлеуметтік төлем төленетіні туралы айтқан еді.
2024 жылғы 11 наурыздағы жағдай бойынша, республикада 1 156 төлем алушыға 244,9 млн теңге сомасына 2 661 төлем берілді. Оның ішінде Батыс Қазақстан облысы бойынша 10 алушыға 2,3 млн теңге сомасында төлем жүргізілді, – деді Светлана Жақыпова.
БЖЗҚ деректері бойынша, арнаулы әлеуметтік төлемді алу үшін 2024 жылы 37 мыңнан астам жұмыскер, 2030 жылы 58 мыңнан астам, 2035 жылы 95 мыңнан астам жұмыскер үміткер бола алады. Осылай, әлеуетті төлем алушылар саны жыл сайын ұлғаяды.
Алдын ала деректер бойынша, 2024 жылы арнаулы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 208 мың теңгеден асады. Әр жұмыскерге берілетін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинағына байланысты. Жыл сайын арнаулы әлеуметтік төлем мөлшері ең төмен күнкөріс мөлшерінің ұлғаюына байланысты өседі. Алдын ала есептеу бойынша, 2030 жылы төлемнің орташа мөлшері – 339 мың теңге, ал 2035 жылы – 519 мың теңге.