2028 жылы Қазақстанда Дүниежүзілік мұнай конгресі өтеді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
2028 жылы Қазақстанда Дүниежүзілік мұнай конгресі өтеді / kazenergy.com, бильд-редактор: Артур Алескеров

2028 жылы Қазақстанда WPC Energy, яғни Дүниежүзілік мұнай конгресі өтеді. Бұл туралы KAZENERGY қауымдастығы хабарлады.

Лондонда KAZENERGY қауымдастығы атынан WPC Energy Қазақстан ұлттық комитеті Дүниежүзілік мұнай кеңесінің (WPC Energy) басшылығымен кездесу өтті. 

Келіссөздер қорытындысы бойынша 2028 жылы Астанада 26-шы WPC Energy конгресін өткізу туралы Меморандумға қол қойылған.

«Қазақстанның кандидатурасын қарастыру жөніндегі науқан аясында WPC Energy кеңесінің мүшелері ұлттық саланың жоғары даму деңгейін, оның әлемдік индустрия үшін маңыздылығын, Қазақстанның белсенділігі мен беделін атап өтті. Дауыс беру қорытындысы бойынша Кеңестің барлық қатысушылары Астананың өтінімін бірауыздан қолдады (мұнай мен газдың әлемдік өндірісі мен тұтынуының 96%-ын құрайтын 57 ел)», – делінген хабарламада.

Қауымдастық ақпаратына сүйенсек, конгресті қаржыландыру халықаралық демеушілік қаражатты тарту, делегаттық орындар мен көрме алаңдарын өткізу есебінен жүзеге асырылады. Іс-шарадан түсетін барлық ықтимал пайда қайырымдылық мақсаттарға, оның ішінде Атырауда мұнай мұражайын құру жөніндегі әлеуметтік жобаны іске асыруға немесе техникалық жоғары оқу орындарының қазақстандық студенттері үшін арнайы білім беру гранттарына бағытталады.

WPC Energy конгресі – әлемдік энергетика және мұнай күн тәртібінің маңызды мәселелері талқыланатын беделді жаһандық алаңдардың бірі. Іс-шараға әдеттегідей мемлекет және үкімет басшылары, ірі корпорациялар мен салалық мемлекеттік органдар, Үкіметтік емес ұйымдар және халықаралық ұйымдар басшылары, сондай-ақ, әлемнің жетекші сарапшылары қатысады.

Бұрын Дүниежүзілік мұнай конгрестері Ұлыбританияда, АҚШ-та, Норвегияда, Қытайда, Бразилияда, Испанияда, Катарда, Ресейде, Түркияда және Канадада өткізілген. 2026 жылы Конгресс Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өтеді.

2023 жылы Тимур Құлыбаев Kazenergy қауымдастығы төрағасының қызметінен кеткен болатын. Ол бұл қызметті 2005 жылдың қарашасынан (18 жыл) атқарып келген еді. Жаңа төраға болып «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев сайланған.

Сондай-ақ оқыңыз