Картоп бағасы мамыр айында 18%-ға қымбаттаған: бұл алдағы жылдардың көрсеткішінен 2 есе көп
Қазақстанда маусымдық кезеңге байланысты азық-түлік бағасы өсуде. Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше картоп бағасы алты аптадан бері көтеріліп келеді.
«Картоптың бағасы алты апта қатарынан жоғары қарқынмен өсіп келеді. Нақтырақ айтсақ, 28 мамыр мен 4 маусым аралығында көкөніс 4,4 пайызға, ал мамырда 18 пайызға қымбаттады. Әрине, бағаның секіруі маусымдық кезеңмен байланысты болуы мүмкін – көктемнің соңында картоптың қолжетімділігі әрқашан төмендейді. Бұл факторды есепке алғанның өзінде 18% айтарлықтай үлкен көрсеткіш», – делінген Бірінші кредиттік бюро хабарламасында.
Бюро мәліметінше бұл жылдағы көрсеткіштен әлдеқайда үлкен. Себебі алдыңғы жылдары маусымдық кезеңде картоп бағасы салыстырмалы түрді бір деңгейде ғана көтеріліп отырған. Мәселен, бес жылда картоп бағасы мамыр айында орта есеппен 7,5%-ға қымбаттап отырған. Ал биыл бұл көрсеткіш екі еседен де асып түскен.
Кредиттік бюро елдегі 20 қаладағы бағаларды салыстырып көрген. Оның ішінде картоп бағасы бойынша апта ішінде ең жоғары өсім көрсеткен Жезқазған екен. Қалада бұл көкөніс бағасы 19,9% артқан. Ал Астанада баға – 11,3%-ға, Ақтөбеде – 1%-ға, көтерілген. Өнім бағасының төмендеуі тек санаулы қалаларда байқалған. Атап айтқанда, Көкшетауда картоп бағасы 0,6%-ға, Павлодарда – 2,3%-ға, Қонаевта – 3,3%-ға төмендеген. Ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда баға тұрақты болған, яғни өзгермеген.
Еске сала кетсек, Ұлттық статистика бюросы 3 маусым күні азық-түлік бағасына қатысты статистика жариялады. Ұлттық бюроның хабарлауынша, азық-түлік бағасы 2020 жылдан бері алғаш рет төмендеп отыр. Атап айтқанда, қияр – 29%, қырыққабат – 19,1%, қызанақ – 15,4%, тәтті бұрыш – 5,8%, сарымсақ 5,3%-ға арзандаған. Ал жұмыртқа – 9,8%, қарақұмық жармасы – 3,3%, күнбағыс майы – 2,1%, арпа жармасы – 1,1% арзандаған.
Картоппен бірге пияз – 28,3%, қызылша – 15,5%, сәбіз – 7% қымбаттаған.