Bereke Bank-ті қатарлық инвесторға сату бойынша мәміле қашан аяқталады?
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов қатарлық банкпен Bereke Bank-ті сату бойынша мәміле қашан аяқталатынын айтты.
Спикердің айтуынша, мәмілені аяқтау үшін катарлық инвестор банк холдингі мәртебесін алуға құжаттар пакетін ұсынуы керек.
«Процедуралық түрде жақын арада, осы айдың аяғында немесе келесі айдың басында катарлық инвесторлар банк холдингі мәртебесін алу үшін құжаттар пакетін ұсынады деп үміттенеміз. Осы құжаттарды алғаннан кейін, біз Lesha Bank-ке банк холдингі мәртебесін беру мәселесін қарастырамыз. Бұл мәселе шамамен биыл шілде айының соңында аяқталады», – деді Олжас Қизатов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Айта кетейік, Bereke bank – 2022 жылдың наурызында АҚШ-тың санкцияларына ұшыраған Сбербанктің бұрынғы еншілес ұйымы. АҚШ санкциясына ұшыраған соң, халықаралық төлем жүйелерінен ажырап қалған болатын. Ал 2022 жылдың қыркүйегінде ресейлік Сбербанк оны «Бәйтерек» ұлттық холдингіне сатты. Келісімнен кейін қаржы институты атауын Bereke Bank деп өзгертті.
2023 жылдың 8 наурызында АҚШ Қаржы министрлігінің Шетел активтерін бақылау жөніндегі басқармасы (OFAC) қаржы институтын Specially Designated Nationals (SDN) санкциялық тізімінен және секторлық санкциялар тізімінен (SSI) шығарды.
2024 жылғы 24 мамырда қатарлық инвестор Bereke Bank-ті сатып алу бойвнша мәміле жасалғанын хабарлады. Тиісті ақпарат Қатар қор биржасының сайтында жарияланды. Мәміле сомасы 65 млрд теңгені құрады ықтимал. Бұл несие мекемесінің меншікті капиталының 39,8%-ына тең (1 сәуірдегі жағдай бойынша 163 млрд теңге).