Экология министрлігі Ресей жалға алған полигонда табиғат қорғау заңы бұзылғанын анықтады

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Ресейлік тарап жалға алынған барлық үш полигонға кешенді экологиялық зерттеу жүргізеді / Архив: kursiv.media

Қазақстанның Экология министрлігі Ресей Қорғаныс министрлігінің Мемлекеттік ұшу-сынақ орталығы жалға алған полигон аумағында табиғатты қорғау заңнамасын бұзу фактілерін анықтады.

Министрлік «Курсив» порталының сауалына берген жауабында келтірілген шығынды жою үшін ресейлік тарап жалға алынған барлық үш полигонға кешенді экологиялық зерттеу жүргізетінін хабарлады. Кейін ведомство Қазақстанның мемлекеттік органдарынан сараптамалық қорытынды алуға тиіс.

Бұған дейін Экология министрлігі Батыс Қазақстан облысындағы Бөкейорда ауданы аумағында, Сарышаған полигонының жауынгерлік алаңдары орналасқан аумақта зиянды заттардың шоғырлану шегінен асып кеткенін анықтаған болатын.

Экология министрлігі ақпаратынша, 2023 жылдың қыркүйегінде аумақтық табиғатты қорғау департаменттері әскери полигондар қызметін тексерді.

«Батыс Қазақстан облысындағы әскери полигондардың (929 Мемлекеттік ұшу-сынақ орталығы) қызметін тексеру нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын бұзу фактілері анықталды», – деп жазылған жауапта.

Сондай-ақ Экология министрлігі жергілікті тұрғындардың арыз-шағымдары бойынша заң бұзушылықтар анықталған «Капустин Яр» полигонына қатысты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінен оларды жою шараларын қолдану қажеттігі туралы талаптар жіберілгенін хабарлады.

Еске сала кетсек, Қазақстан 2005 жылдан бері Ресейге әскери пологиндар үшін 8,5 млн гектардан астам жерді жалға беріп отыр. Бір гектар үшін жалға беру бағасы – 1050 теңге. Депутаттардың айтуынша, бұл баға 2005 жылдан бері өзгермеген.

Сондай-ақ оқыңыз