Қазақтар өз автокөлігін өндіруге дайын – Allur корпоративтік университетінің басшысы
Allur корпоративтік университетінің басшысы Людмила Олкинян KURSIV/AUTO 2024 форумында қазақстандық авто өндірушілердің отандық автомобиль брендін жасауға толыққанды мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
Людмила Олкинянның айтуынша, қазірдің өзінде қазақстандық екі компания тек авто құрастырып қана қоймай, сондай-ақ автокөліктің кейбір бөліктерін жасауды бастаған.
«Қазір қазақстандық Allur мен Astana Motors компаниялары көлік құрастырып қана қоймай, кейбір бөлшектерді өндіруді бастады. Егер әлемдік тәжірибеге қарасаңыз, корей, қытай авто өндірісі де осы жұмыстан бастап, өз брендтерін жасауға дейін көшкен. Сондықтан біз өзіміздің автомобильді брендімізді құруымыз керек. Оған толыққанды мүмкіндігіміз бар», – дейді Людмила Олкинян.
Оның сөзінше, Қазақстан авто өндірісіндегі негізгі мәселелердің бірі кадрлардыңи жетіспеушілігі.
«Қазақтар өз автокөлігін өндіруге дайын… Қазір біздің зауыттарда университет аяқтап келіп, инженер ретінде жұмыс істеп, автокөлік құрастырып жүрген 3500-ге жуық адамның барлығы – өз отандастарымыз. Сондықтан біз көлік құрастыра аламыз. Ол біздің қолдан келеді. Тек осы салада жұмыс істейтін мамандар санын арттыру керек. Өз басым бұған сенемін», – дейді ол.
Бұдан бөлек, Людмила Олкинян инженерлер ғана емес, авто өндірісті арттыруға көмектесетін менеджерлерді дайындаудың да аса маңызды екенін айтты.
Былтыр автомобиль нарығы 10 жылда алғаш рет өсті. 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында еліміздегі жеңіл автокөліктердің саны 14,4%-ды құраса, 2015-2021 жылдар аралығында бұл көрсеткіш жыл сайын орта есеппен 0,7%-ға төмендеген. Нарық ұзаққа созылған тоқыраудан шықты. Сарапшылар, автодилерлер, салалық қауымдастық пен реттеуші органдардың өкілдері KURSIV/AUTO 2024 форумында Қазақстан авто нарығының мәселелерін талқыға салуда.
Форумды мына сілтеме арқылы онлайн көруге болады.