Газдың ақшасын уақтылы төлемейді: тұтынушылардың QazaqGaz Aimaq алдындағы қарызы 37 млрд теңгеге жетті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ірі кәсіпорындардың газға қомақты қарыз болып қалған / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Кәсіпорындар мен тұрғындардың QazaqGaz Aimaq алдындағы қарызы 37 миллиард теңгеге жеткен. Тұтынушылар газдың ақшасын төлемей келеді. Компания баспасөз қызметінің хабарлауынша, газ қарызы компанияға үлкен салмақ салып отыр.

Кәсіпорындар арасында Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының (МАЭК) қарызы көп. Маңғыстау облысын су және электр энергиясымен қамтамасыз ететін бұл компанияның қарызы 16,3 млрд теңгеге жеткен.

Осы қарызды қайтару мәселесі Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Килыбай мен «QazaqGaz Aimaq» АҚ Бас директоры Бауыржан Асқаровтың кездесуінде талқыланған.

QazaqGaz Aimaq басшысының деректері бойынша, МАЭК-тен басқа, газ үшін негізгі борышкерлер қатарын ірі отын-энергетикалық компаниялар толықтырып отыр.

«Ақтөбе жылу-энергоорталығы (ЖЭО) – 2,7 млрд теңге, Таразэнергоорталығы – 1,2 млрд теңге қарыз. Газ үшін қарызы ең көп тұрғындар қатарына Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласының тұрғындары кіріп отыр», – дейді Бауыржан Асқаров.

Қарыз төленбесе, QazaqGaz Aimaq газдан ажыратуға мәжбүр болады. Бұл – борышкерлерге ең соңғы қолданылатын шара. Дегенмен апатсыз және үздіксіз газбен жабдықтау үшін айтарлықтай шығындалу қажет. Ал қомақты қарыз газ мекемесінің жылу беру маусымында газды тұрақты жеткізуіне кері әсер етеді. Ешкім қыста жылусыз қалғысы келмейді. Ал қазіргі уақытта келесі жылыту маусымына дайындық қызу жүріп жатыр.

Бұған дейін «ҚазТрансГаз Аймақ» 2023 жылы тапқан 3,5 млрд теңге таза пайдасынан дивиденд төлемейтінін хабарлаған. Таза пайда толығымен «ҚазТрансГаз Аймақтың» иелігінде қалады. Бұл қаржы инвестициялық бағдарлама аясында бекітілген міндеттемелерді орындауға және биллингтік компаниялар алдындағы қарызын өтеуге жұмсалмақ.

2023 жылдың 9 айындағы қаржы есебіне сүйенсек, «ҚазтранГаз Аймақтың» 2023-2027 жылдарға бекітілген инвестбағдарлама аясындағы міндеттемесі 34,7 млрд теңгені құрайды. 2022 жылдың соңында бұл сома 38,1 млрд теңгені құраған.

«ҚазТрансГаз Аймақ» 2002 жылы құрылған. Жақында ребрендинг жасап, QazaqGaz Aimaq декп аталды. Жалғыз акционері – QazaqGaz ұлттық газ компаниясы. Ал QazaqGaz толықтай «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына тиесілі.

Компанияның негізгі қызметі – тауарлық газды халыққа жеткізу, газ өткізу, газ құбырларына қызмет көрсету. Оның Қазақстан бойынша 14 филиалы бар. Бұған дейін «ҚазТрансГаз Аймақ» тұтынушыларына негізсіз есептелген 1,2 млрд теңге қайтарылатыны хабарланды.

Сондай-ақ оқыңыз