Тараз қаласында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылады

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті ашылады / kursiv.media

Тараз қаласында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылады. «Ашық НҚА» порталында ҚР Үкіметінің қаулы жобасы жарияланды. «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының заңының 11-бабының 4-тармақшасына сәйкес «М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті» КеАҚ-ның жарғылық капиталы бөлінетін болды.

«М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жарғылық капиталдарына мемлекет жүз пайыз қатысатын «М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – «ТарУ» КеАҚ) және «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – «ҚазҰСШИУ» КеАҚ) бөлу жолымен қайта ұйымдастырылсын», – делінген қаулы жобасында.

Министр мәлімдемесі

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Жамбыл (Тараз) гидромелиоративтік-құрылыс институты қалпына келтірілетінін, оған ұлттық университет мәртебесі берілетінін мәлімдеген еді. Жаңа университет су шаруашылығы мамандарын дайындамақ.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз атақты Тараз гидромелиоративтік құрылыс институтын қайта құрамыз, бірақ су шаруашылығы университеті түрінде. Қазір бізде қалған барлық кадрды сол жерге жинайтын боламыз. Бұл университетке  мықты қызметкерлер, соның ішінде жастардың көптеп келуі үшін оқу орнына Ұлттық мәртебе берілуі мүмкін. Қазір Үкімет бұл мәселені өте байыпты түрде пысықтауда», – деді  Саясат Нұрбек Сенат кулуарында.

Президент сыны

Көктемгі су тасқыны кезеңінде мемлекет үшін қиындықты еңсеру оңайға соқпады. Президент Үкімет жұмысын сынап, барлық ресурсты жұмсауды тапсырды.

«Су тасқыны мен өртке қатысты жағдай жыл сайын қайталанады. Жауапты органдар мен салалық қызметтердің (Қазсушар, Қазгидромет) жобалау, сараптама жасау жұмыстары нашар ұйымдастырылған. Тиісті шаралар, негізінен, жағдай орын алғаннан кейін немесе толыққанды болжам жасалмай қабылданады. Сондықтан бізге дағдарыс жағдайларын болжаудың нақты тетігі өте қажет», деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент бұдан кейін ведомстволарға  су тасқынының алдын алу үшін білікті кадрларды дайындау керек екенін бірнеше рет нақтылады.

Қандай мамандықтар қажет?

Расымен де, тасқын кезеңінде су шаруашылығы мамандарының жетіспейтіні анық аңғарылды. Бір қызығы, 2023 жылдың 21 желтоқсанында Сенатқа есеп берген  Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су шаруашылығында маман тапшылығы жоқ деп мәлімдеген. Бірақ биылғы наурыз айынан бастап кейбір аймақтарда жарияланған төтенше жағдай мәселенің күрделі екенін айқындады.

Биыл Су ресурстары министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мамандықтарының қолданыстағы тізіліміне түзетулер енгізіп, бірқатар жаңа мамандықтарды қосуды ұсынды. Министрлік ұсынбасында «Гидротехникалық құрылыс және нысандар», «Мелиорация және суармалы егіншілік», «Елдімекендерді сумен жабдықтау және су бұру», «Су ресурстарын басқару», «Гидротехникалық мелиорация», «Су шаруашылығындағы технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару», «Инновациялық технологиялар және оларды су шаруашылығында пайдалану», «Ирригациялық жүйелердегі гидроэнергетикалық нысандар», «Гидромелиорациялық жұмыстарды механикаландыру», «Су шаруашылығы экономикасы» мамандықтары бойынша кадр дайындау маңызды екені ескертілген.

Сондай-ақ оқыңыз