Әлеуметтік желіде ШҚО-ны референдум арқылы Қазақстаннан бөліп алуға насихаттаған қос сепаратист 5 жылға сотталды
Шығыс Қазақстан облысының екі тұрғыны билікті басып алуға үгіттеп, сепаратистік әрекеттерді насихаттағаны үшін 5 жылға сотталған. Бұл жайлы Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
«Өскемен қалалық №2 сотының шешімімен Шығыс Қазақстан облысының екі тұрғыны ұлттық және әлеуметтік араздықты қоздыратын жарияланымдар мен үгіт-насихаттары үшін сотталды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Прокуратура мәліметінше, аталмыш тұлғалар 2024 жылдың ақпан айында интернет-ресурстарды (чат-рулетка) пайдаланып, Шығыс Қазақстан облысын Қазақстан Республикасынан бөлу мақсатында референдум өткізу қажеттігі туралы сенімдері мен идеяларын ашық білдірген.
Олар референдум оң нәтиже бермеген жағдайда облысты күштеп басып алу қажеттігін айтқан. Айыпталушылар өз кінәсын толық мойындап, өкініш білдірген.
Қазақстанның егемендігін бұзуға насихаттағаны үшін мемлекеттік айыптаушы сотта олардың әрқайсысын 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Сот екі азаматқа 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындаған. Үкім заңды күшіне енген.
«Мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мәселелері құқық қорғау және арнайы органдардың ерекше бақылауында», – деп хабарлайды прокуратура.
Еске сала кетсек, СҚО-да «Петропавл қаласы жұмысшыларының халық кеңесін» құрып, сепаратизмге насихаттаған үшін Вячеслав Зудерман 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге бұл іске қатысы бар үш адамға сот үкімімен бас бостандығын 7 жылға шектеу жазасы тағайындалды.
Олар Солтүстік Қазақстанда «Халық кеңесі» тобын құрып, өздерін «КСРО ізбасары» деп жариялаған. Бұл оқиғадан соң, Ұлттық қауіпсіздік Комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Департаменті дереу сепаратизм фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастаған. Саясаттанушы мен басқа да мамандардың қатысуымен комиссиялық сот психологиялық-филологиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, олардың сөздерінен сепаратизм белгілері анықталған.