Қаңтар оқиғасы кезінде тәртіпсіздік жасаған азаматтар «Рақымшылық» заңы бойынша жеңілдетілген жаза алды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қаңтар оқиғасы кезінде тәртіпсіздікке қатысқан азаматтар жеңілдетілген жаза алды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздікке қатысып, билік өкілдеріне қарсы зорлық-зомбылық қолданған азаматтар «Рақымшылық» заңы бойынша жеңілдетілген жаза алды. Бұл туралы Алматы соттарының баспасөз қызметі хабарлады.

«Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жаппай тәртіпсіздіктер мен шабуылдарға қатысқан, күзетілетін объектілер және оларды басып алу, сондай-ақ билік өкілдеріне қарсы зорлық-зомбылық қолданған  11 сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды», – делінген хабарламада.

Ақпаратқа сүйенсек, сотталушылар 2022 жылдың 4-5 қаңтарында жаппай тәртіпсіздікке қатысып, Алматы қаласының әкімдігіне, Президент резиденциясына, полиция басылымына заңсыз кіріп, мемлекеттік мүлікке зиян келтірген.

«Тәртіпсіздік барысында үш сотталушы қоғамдық тәртіп орнату жөнінде шаралар қабылдаған әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне зорлық-зомбылық көрсетті. Ал сотталушылардың біреуі екі әскери курсантты тұтқынға алып, оларға жеңіл дене жарақаттарын келтірген», – делінген хабарламада.

Айыпталған азаматтар өз кінәларын жартылай мойындаған.

Сотталушыларға тағылған айып ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Дегенмен жаза тағайындау кезінде сот жауапкершілікті жеңілдететін жағдайларды ескерген.

«Сот 10 сотталушыны ҚК 272-бабының 2-бөлігі, 380-бабының 3-бөлігі, 269-бабының 3-бөлігі-1), 4), 8) тармақшалары бойынша кінәлі деп тапты. «Рақымшылық туралы» ҚР Заңы қолданыла отырып, олардың әрқайсысы 1 жылға 9 айға бас бостандығынан айырылды.

Бір сотталушы ҚК 272-бабының 2-бөлігі, 380-бабының 3-бөлігі, 1), 4), 8) – тармақтары, 269-1-бабының 3-бөлігі, 261-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды, оған «Рақымшылық туралы» ҚР Заңы қолданыла отырып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қолданылды», – делінген сот хабарламасында.

2022 жылдың қараша айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасына қатысушыларға «Рақымшылық жасау туралы» заңға қол қойды. Қылмыстық әрекет жасаған, орташа қылмыстар жасаған азаматтарға қатысты істер тоқтатылып, сотталғандар жазадан босатыла бастады. Ауыр қылмыс жасаған азаматтардың жазасын қысқартуға мүмкіндік берілді.

Бұған дейін Талдықорған қаласының соты Қаңтар оқиғасы кезінде азаптау фактілерін қолданған бұрынғы полиция қызметкерлеріне қатысты үкім шығарғаны туралы жазған едік. Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде жеті жәбірленушіге әртүрлі дәрежедегі дене жарақаттары келтірілген.

«Сот үкімімен үш сотталушы 4 жылдан 6 жылға дейінгі бас бостандығынан айырудың әртүрлі мерзімдеріне сотталып, олардың біреуі бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаға тартылды», – делінген прокуратура хабарламасында.

Сондай-ақ оқыңыз